Жезқазғанда жергілікті тұрғын көлігін айып тұрағына қойғаны үшін полицейлер мінген көлікті шолақ мылтықпен атқылады деп хабарлайды Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Оқиға 11 наурыз күні орын алған. Жол-патрульдік полициясының қызметкерлері "ВАЗ-2106" көлігін тоқтатып, жүргізушісінің құжаттарын тексермек болыпты. Тексеру барысында көліктегі мемлекеттік номердің жалған екені анықталған. Тәртіп сақшылары әкімшілік хаттама толтырып, көлікті айыппұл тұрағына апаруға шешім шығарады.
Жүргізуші болса полицейлердің кешіруін сұрап, хаттама толтырмауын өтініпті. Алайда, өтініші қабыл болмаған соң екі серігін ертіп келіп, үшеуі тәртіп сақшыларының қызметтік көлігін шолақ мылтықпен атқылаған.
Қазіргі таңда басты күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал, оның екі серігі ешқайда кетпеу туралы қолхат жазып, үйіне жіберілген. Полицейлер болса дін-аман, тек көліктері бүлініпті.