$ 448.15  483.46  4.86

«Бос сөздер емес, нәтиже керек»: Бердібек Сапарбаев цифрландыруға қатысты жұмыстарды сынады

Цифрландыруды жүзеге асыруда біздің облыс республика бойынша артта қалғандардың қатарынан көрініп отыр.
фото: zhambyl.gov.kz
фото: zhambyl.gov.kz

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі цифрландыруды енгізуге бағытталған шаралар барысын осылай бағалады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Жамбыл облысы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл мәселе ағымдағы жылдың сәуір айында өткен кеңесте жан-жақты талқыланған. Бір айдан кейін бұл тақырып тағы да қаралмақ десек, ол бұл бағыттағы жұмыстардың қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді.

Басқосуда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтің баяндамасынан цифрландыруды енгізу бойынша бірқатар бастамалардың орындалмағанын байқауға болады. Айталық, білім беру саласында 7 бастаманың бесеуі, денсаулық сақтау саласында 12 бастаманың 10-ы ғана жүзеге асырылған. Әлеуметтік қызметтерді ұсынуда, қалалық басқарушылықта, көлік, жер қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да кемшіліктер бар.

"Ел Президенті нақты міндеттерді айқындап берді. Үкімет оларды орындауға бағытталған шараларды белгілеуді. Бірақ стратегиялық мақсаттарға жету жолында  кідіріс байқалуда. Цифрландыруды жүзеге асыруда біздің облыс республика бойынша артта қалғандардың қатарынан көрініп отыр. Біз бұл туралы жыл басынан бері айтып келеміз, бірақ нәтиже көрінбейді. Әлі де сол қалпында. Мұның бәрі жауапты  тұлғалар тарапынан тиісті бақылау мен талаптың жоқтығының салдары", - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Кездесу барысында аймақ басшысы саладағы жауапты тұлғаларға тағы да нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, білім беру саласында жаңа оқу жылы басталғанға дейін ақпараттық жүйелерді біріктіру бойынша жұмыстарды аяқтау тапсырылды. Бұл дегеніміз, әр мектепте полиция бөлімдері мен жедел басқару орталығына байланыстырылған бейнебақылау камералары орнатылуы тиіс.

Сондай-ақ, әлеумет-еңбек саласында электрондық қызмет көрсету үлесін 70 пайызға дейін жеткізу, әлеуметтік ID-картаны іске қосу міндеттері қойылды.

Тараз қаласы бойынша басқару саласында әлі де көп шаруа атқарылу керек. Облыс орталығының басшылығы, ең алдымен, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды, «Ашық әкімдік» фронт офисін құруды қажет. Пәтер иелері мен сервистік ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты жетілдіріп, көшелерді жарықтандыруды басқару жүйесін  реттей түскен ләзім.

Сондай-ақ, көлік саласында  автобустарда электронды билеттендіруді енгізу міндеті баяғыша өзекті мәселе күйінде қалуда. Жол қозғалысы мен бағдаршамдарды басқару жүйесін жетілдіру ісі де маңызды болып отыр.

"Бұған дейін өткен кездесуде жауапты тұлғалар алға қойылған міндеттердің ағымдағы жартыжылдықтың аяғына дейін орындалатынына сендірген еді. Енді ол мерзім қазан-қараша айына ауысыпты. Ол үшін себеп тауып, коронавирус, карантинді алға тартуда. Цифрландыру бойынша жұмыстарды бір айдан соң қайта қараймыз. Сұраныс қатаң болады. Бізге жай сылтау, бос сөздер емес, нақты нәтиже керек", - деді облыс әкімі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары