14.03.2016, 11:03

Медеу шатқалында жас әйел өзін өртеп жіберді

Медеу шатқалында денесі жанып кеткен 32 жастағы әйелдің мәйіті табылды деп хабарлайды Tengrinews.kz. Алдын ала болжам бойынша марқұм өз-өзіне қол салған.

"Кеше кешкі сағат 17:54-те Шұғыл басқару орталығынан таудың шығыс бөлігінде өрт болды деген хабар келіп түсті. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары өртеніп кеткен әйелдің мәйітін тапқан. Әйелдің кім екені сол жерден анықталды. Ол 1984 жылы туған Алматы қаласы Бостандық ауданының тұрғыны болып шықты" дейді Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Полицейлердің мәліметінше, мәйіт табылған жерден ішінде жанғыш сұйықтығы бар темір канистра табылған.

Қайтыс болған әйелдің туыстары марқұмның соңғы уақытта күйзелісте болғанын, өзін өлтіретіні жайлы бірнеше рет айтқанын мәлімдеді. Ол көзі тірісінде Алматыдағы фитнес-орталықтардың бірінде бапкер болып жұмыс істеген.