15.05.2020, 18:00

«Қадыр түнін үйде қарсы алу қажеттігін баса айтқым келеді» - Бас мүфти

Осылайша, әзірге күндіз ғана жұмыс істейтін мешітке қолында медициналық қолғап, бетінде медициналық маска бар адамдар кезек-кезекпен кіреді.

Мемлекеттік комиссияның шешімімен, 18 мамырдан бастап Қазақстанда діни құлшылық жасайтын орындар жұмыс істейді. Жұртшылық келе жатқан Қадір түнін мешітте күзетеміз деген қуаныштарын айтқан еді. Бірақ, бас мүфти мәлім еткендей, мешіттер тек күндіз жұмыс істейді. 

«Мешіт имамдарының сөзіне құлақ асып, мешітке лег-легімен, кезекпен кіруге, мешітте он бес минуттан артық болмауға үндеймін.  Бұл мешіт ауасын әр 3 сағат сайын таза ауамен алмастырып отыруға мүмкіндік береді.  Осы ретте, биыл Қадір түні мамыр айының 19-ынан жиырмасына қараған түнге сәйкес келіп отыр. Бұл түні үйде қарсы алу қажеттігін баса айтқым келеді. Мешіттер ашылғанмен, тек қана күндіз, таңғы сағат 07.00-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін ғана ашық болады», - деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Осылайша, әзірге күндіз ғана жұмыс істейтін мешітке қолында медициналық қолғап, бетінде медициналық маска бар адамдар кезек-кезекпен кіреді. Жеке құлшылық жасаған кезде адамдардың арасы бір жарым метір қашықтықта болуы керек. Құран оқитын бөлмеге бір жарым метрлік қашықтық сақтай отырып, он адам, ал, неке қию залына тек төрт адам кіре алады.