Фотограф Жеңіс Ысқабай Instagram парақшасына белгілі тележүргізуші, Қазақстанның мәдениет қайраткері, марқұм Бейсен Құранбек туралы естелік жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Алты күн журналист, жетінші күн таксист. Кеше Өміржаннан естігенім. Аптаның бір күнін көлікке отырып алып, көше кезумен айналысады екен. Жәй жүріс емес. Кез келген жол бойында қол көтеріп тұрған адамды алып, барар жеріне тегін жеткізіп отырыпты. Осыны дәстүрге айналдырып алған екен. Ақысы «Бата» еді.
Бұл – Бейсекеңнің көбіміз білмейтін бір ғана үлгі болар қыры, ал әр қазақтың Бейсен ағамыз туралы өз айтары бар. Алты күн арпалыстан кейін адам бір күн демалуы керек шығар. Бірақ, біздің Бейсен ағамызда ол да жоқ. Осы күнге дейін әр қазақты бауырына басып, әрқайсысының тағдырына жанашырлықпен араласа жүріп, өз күтімін ұмытып кетті.
«Ел үшін туған ерлердің, алды-арты дария кең болар» деген бекер емес! Ағалап жүруші едік. Енді... Рухы асқақ, еңсесі биік Бейсен Құранбек!!!» - деп тебіренді жазба авторы.