29.05.2020, 16:40

«Жол-жөнекей тамақ та сатылмайды»: пойыз арқылы жол жүру ережесіне өзгеріс енгізілді

фото: metronews.ru
Ал жолаушылар тек өз орнында ғана отыруы шарт, ешқайда шықпайды.

Қазақстанда 1 маусымнан бастап пойыз қатынасы ашылады. Осыған орай, көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов негізгі талаптар туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputniknews.kz

"Вокзалға тек бетпердемен және билетпен ғана кіргізеді. Ал арақашықтық вокзалда ғана емес, вагонның ішінде де сақталуы шарт. Дезинфекциялық шаралар жүргізіледі. Вокзалда және вагондарда санитайзерлер тұрады. Жолаушылардың дене қызуын үнемі өлшеп отырады", - деді Байғабылов. 

Оның айтуынша, пойыздарда мейрамхана-вагондар жұмыс істемейді. Жол-жөнекей тамақ та сатылмайды. Сондай-ақ, вагондар арасында жүруге тыйым салынады. Ал жолаушылар тек өз орнында ғана отыруы шарт, ешқайда шықпайды. Бұның барлығын жол серіктері бақылап отырады. 

"Айта кетер жайт, пойызбен жүретін жолаушыларды барған жерінде карантинге алмайды. Олар емін-еркін жүре алады", - деп атап көрсетті Байғабылов.

Тағы оқи отырыңыз: 1 маусымнан бастап қалааралық блокбекеттер алынып тасталады

Еске сала кетсек, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 1 маусым күні блок бекеттер алынып, 5 маусымнан бастап қалааралық автобустардың жолға шығатынын мәлімдеген болатын.

Адамдар арасында кемі бір метр арақашықтық сақталуы тиіс. Көлік жүргізушілері бетперде, қолғаппен қамтамасыз етілуі шарт. Ал әкімдіктер болса, бақылау жүргізеді.