Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 1 маусымға қараған түні қаланың периметрі бойынша орналасқан блок-бекеттердің алынатынын айтты. Бұл туралы ол, instagram парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"1 маусымға қараған түні қаланың периметрі бойынша орналасқан блокбекеттерді аламыз. ТЖ режимі кезінде бұл бекеттер қаладан шығу және қалаға кіруді шектеді. Бұл — коронавирустың таралуын тоқтату үшін қажет болды. Барлық полиция, санитарлық қызмет, фито- және ветбақылау қызметкерлеріне, аудандық әкімдіктер мен Ұлттық гвардия, Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілеріне алғысымды білдіремін. Осы 2,5 айдың ішінде Сіздер тәулік бойы қызмет етіп, жүктелген міндетті абыроймен атқардыңыздар", - деп жауапты мамандарға алғыс білдірді.
Әкімнің айтуынша, елде, соның ішінде Алматыда жағдайдың тұрақтануына байланысты шектеу алынады.
"Елдегі және қаладағы жағдайдың тұрақтануы шектеулерді алуға мүмкіндік берді. Бұл ретте барлық кәсіпорындар мен ұйымдарда санитарлық қауіпсіздік күшейтіліп, қауіпсіздікке басымдық берілді. Үйлерге, аула алаңдары мен көшелерді залалсыздандыру жүргізілуде. Белгіленген тәртіпке бағынып, сангигиена мен әлеуметтік қашықтықты сақтап, қорғаныс бетперделерін киіп жүруге шақырамын. Бұл қазіргі өмірдің қалыпты нормасына айналуы тиіс. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!", - деді Б.Сағынтаев.