Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров онлайн-байланыс режимінде қалалық үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге қалалық қоғамдық даму, әлеуметтік әл-ауқат, қоғамдық денсаулық, білім, спорт, мәдениет басқармаларының басшылары да қатысты, – деп хабарлайды Sn.kz.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, белсенді азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін үкіметтік емес ұйымдардың рөлі маңызды. Біздің бұл мәжілісіміздің мақсаты – қазіргі шешімін күткен мәселелерді талқылау, бұған дейін қол жеткізген жетістіктеріміз қайсы, ал карантинге байланысты қай тұста тежеліп қалдық, қай мәселені жедел шешуіміз қажет, соларды анықтау және жыл соңына дейінгі бірлескен жоспарымызды нақтылау», – деп атап өтті Е.Бабақұмаров. Ол сондай-ақ, ҮЕҰ өкілдеріне бүгінгі пандемия жағдайында халықты қолдау тұрғысында атқарып жатқан жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Кездесу барысында халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету тетіктері, рухани дамыту тұрғысындағы мәселелерді нығайту, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау жүйелері туралы сөз болды.
Бүгінде Алматыда 4 мыңнан астам ҮЕҰ (республика бойынша жалпы санының 20%-ы) тіркелген. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Диас Есдәулетов ағымдағы жылы ҮЕҰ-мен бірлесіп жастар саясаты, қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік, әлеуметтік әл-ауқат, жасыл экономика және т.б. салаларда 65 әлеуметтік жобаны іске асыру жоспарланғанын баяндады. ҮЕҰ-мен бірлескен жобалар негізінен жастардың бастамаларына қолдау көрсетуге, тарихи отанына оралған қандас бауырлармен жұмыс істеуге, түзету мекемелерінен оралған адамдарды өмірге қайта бейімдеуге, әйелдер көшбасшылығы мектептерін дамытуға және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.
Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жетібаева да ҮЕҰ-мен ынтымақтастық туралы біраз мәселені баяндады. Оның сөзінше, үкіметтік емес ұйымдармен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша келісім-шарттар жасалған. Мұндай жобалар арасында «Инватакси», жеке әлеуметтік көмекшінің және ымдау тілі қызметтері бар. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі жалғасуда.
Өз кезегінде сөз алған ҮЕҰ өкілдері құқық қорғау, медиа салаларындағы жаңа жобалар бойынша, қосымша қажеттілігі бар тұлғаларды қолдау, сондай-ақ, туберкулез, қант диабеті, жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы ауруларының алдын алу, әйелдер мен балаларды қорғау және т.б. әлеуметтік тақырыптар тұрғысындағы ұсыныстарын айтты.
Кездесу барысында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Ақпараттық-ресурстық орталығы» ҚҚ-ның директоры Алтынай Көбеева, «Реванш әлеуметтік көмек қоры» орталығының жетекшісі Елена Билоконь, «АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың қазақстандық одағы» ЗТБ-ның адвокация жөніндегі маманы Оксана Ибрагимова, «Равный-Равному плюс» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Людмила Полякова, «Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығы» ЖШС төрайымы Әсия Ахтанова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова, ICAP орталығының Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Анна Дерябина, «Reliance» қоғамдық қорының негізін салушы Сәуле Алпысова, Туберкулез мәселелері жөніндегі Ұлттық орталық жанындағы АИТВ, ЖИТС, туберкулез және безгекке қарсы күрес туралы жаһандық қор жобасының директоры Шахимурат Исмаилов және т.б. өз ойларын ортаға салды.
Жалпы, бұл онлайн-кездесуге 40 ҮЕҰ-ның өкілдері қатысты.
Кездесуді түйіндеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров бұл жүздесудің маңыздылығын атап өтіп, айтылған ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қалалық басқармаларға барлық ҮЕҰ-мен өзара іс-қимылды күшейту және жекелеген бағыттар бойынша салалық кездесулер өткізу жүктелді.