12.05.2020, 17:29

Абай шағармашылығына арналған онлайн дөңгелек үстел өтті

Абай мұрасын жастардың санасына зерделі ғалымдардың ой-тұжырымдары арқылы сіңіріп, ақынның адамзатқа ортақ рухани құндылықтарын жаңаша сипатта танып-білуге бағдар беру екуенін атап өтті.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Digital орталығында халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай поэзиясы мен қара сөздері – адамтану дүниетанымының асыл қазынасы» атты онлайн дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Sn.kz.

Тікелей эфирде өткен шараны ҚазҰАУ Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Дәуренбаева Жанара Абжанқызы құттықтау сөзбен ашып, университет аясында Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған ауқымды іс-шаралар барысына тоқталды.

Онлайн дөңгелек үстел жиынына модератор болған филология ғылымдарының кандидаты (PhD), ҚазҰАУ «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасының меңгерушісі Алтынарай Темірханқызы Тебегенова онлайн-дөңгелек үстел жиынының негізгі мақсаты  – Абай мұрасын жастардың санасына зерделі ғалымдардың ой-тұжырымдары арқылы сіңіріп, ақынның адамзатқа ортақ рухани құндылықтарын жаңаша сипатта танып-білуге бағдар беру екуенін атап өтті.

Онлайн ұйымдастырылған әдеби-танымдық шараға университетіміздің Тәрбие бөлімі қызметкерлері, «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасының оқытушылары, оқу орны жанындағы «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығы мен «Parasat» орталығының мамандары және белгілі абайтанушы ғалымдар,әдебиетшілер мен тарихшылар қатысып, Абай шығармашылығы жайында ой бөлісіп, пікір алмасты.

«Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекшісі, тарихшы ғалым, академик Ханкелді Әбжанов,  Филология ғылымдарының докторы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арап Еспенбетов, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Руда Зайкенова,филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Темірхан Тебегенов, филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі ғылыми-зерттеу институтындағы Грамматика бөлімінің меңгерушісі Орынай Жұбаева сынды ғалымдар тікелей эфирде байланысқа шығып, ұлы хакімнің өлеңдері мен қара сөздерінің тереңдігі мен тәрбиелік мәні жөнінде салмақты ойларын ортаға салды.

Абай шығармашылығын жан-жақты талдауға бетбұрыс жасалған онлайн-дөңгелек үстел соңында тікелей байланыстағы қатысушылар ҚазҰАУ студенттері дайындаған Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу бейнекөріністерін тамашалады.