Қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын 2020 жылы мемлекет көлемінде атап өту туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шыққан болатын. Осы орайда С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті де көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда, соның бірі – 2020 жылы 17 мамырда өткен онлайн-конференция өтті, – деп хабарлайды Sn.kz.
Аталған іс-шараның қонағы болған – жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері Бейбіт Қойшыбаев. Онлайн шараға университеттің оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушылары, интернатура және резидентура факультетінің, жастар саясаты бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Онлайн-конференцияның тақырыбы: Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Қара сөздерінің» тәрбиелік мәні.
«Президентіміз айтқандай, Абайдың әдеби мұрасы «Рухани жаңғырудың» бағдарына айналуы қажет. Абайдың бүгінгі күнде басшылыққа, бағыт-бағдарға алатын көптеген насихат сөздері бар, соны терең оқу керек, түсіне оқу керек, түйсікпен оқу керек. Ұлы ақының мұраларын бүгінгі күннің талабына сай пайдалана білу қажет. Қаншама уақыт өтсе де, Абай мұралары сарқылмас қазына болып қала бермек және өз өзектілігін күні бүгінге дейін жойған жоқ, келешекте те жоймақ емес», – деді тарихшы Бейбіт Қойшыбаев.
Ал қатысушылар да өз кезектерінде онлайн шарадан алған әсерлерімен бөлісті.
«бүгінгі өткен іс-шарадан біз ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының қара сөздерінің мән-маңызы әлі де зор екенін ұғындық. Халқымыздың мәңгілік қазынасы болып саналатын ақын мұрасын тағы бір ой елегінен өткізе келе, адамгершілікке баулитын, ізгілікті тәлім-тәрбиеге негізделген қара сөздерінен рухани күш-қуат алдық», – деді .Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұжымы.