Армения, Қырғызстан және Ресей елдерінен әкелген көліктерін тіркете алмай жүрген отандық жүргізушілер өз партияларын құратындарын мәлім етті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазіргі уақытта еріктілер қол жинау жұмыстарына кірісіп кетіпті. Заңға сәйкес, партия құру үшін бұл бастамашы топ кемі 20 мың қол жинау керек.
Партия құрушы топтың белсенділерінің айтуынша, қол жинау мәселесінде қиындық жоқ секілді. «Екі жүз мыңдай мүшеміз бар, қажетті қолды аз уақыттың ішінде жинап үлгереміз деп ойлаймыз. Өйткені, елімізде шетелдік нөмірмен жүрген көліктердің саны екі жүз мыңның үстінде, әрі олардың барлығы да үкіметтің былтырғы шешіміне риза емес. Барлығы да өздерінің құқықтарын қорғайтын партияның құрылуына мүдделі екені даусыз», - дейді партия құрушы топтың белсендімүшесі Сүлеймен Ахметов.
«Автомобилистер партиясы» деген атаумен саяси өмірге араласуды мақсат тұтып отырған су жаңа ұйымның болашақ бағдарламасы да дайын секілді.
«Саяси ұйым болуды мақсат тұтпаймыз. Сол секілді саяси жүйенің өзгеруін, биліктің ауысуын талап ететін оппозициялық күш те болмаймыз. Тек экономикалық мәселелермен айналысатын боламыз. Басты мақсатымыз – ел аумағындағы 200 мыңға тарта «сары» нөмірмен жүрген көлік иелерінің құқығын қорғау», - дейді белсенділер.
Ұйым сонымен қатар, қазақстандық көлік иелерінің құқығын қорғап қана қоймай, сапалы жол, көлік бағасы, айыппұл, салық және жалпы қауіпсіздік мәселесіне қатысты барлық мәселелерге араласпақ ниетте. Қазақстандағы көлік бағасы өзге елдерге қарағанда неге қымбат деген мәселе де жоғары мінберден айтылмақ.
Жақында Армения, Қырғызстан, Ресей сияқты елдерден әкелінген көліктердің жүруіне тыйым салынады деген қаулы шыққан болатын. Кейін көлік иелері шу шығарып, еліміздің бірнеше өңірінде наразылық шарасы өткен соң Үкімет райынан қайтып, «сары нөмірлі» көліктердің жүріп-тұруына тағы бір жыл уақыт берген. Алайда бұл мәселені толықтай шеше алмайды.
«Уақытша ғана дүние. Бізге нақты шешім қажет. Көлікті қазақстанға тіркеу құны өте қымбат яғни 1,3 млн теңгеден асып жығылады. Немесе тіркеу құнын арзандатсын», - дейді белсенділер.
ҚазТАГ ақпарат агенттігінің мәліметінше, кеше осы мәселе бойынша, елуге жуық автомобилист белсенді елордадағы мамандандырылған ХҚКО алдына жиналып, өздерінің алғашқы жиынын өткізген. Бұл жиынға тек белсенділер ғана емес, қалалық ПД өкілдері де қатысты. ПД өкілдері белсенділерге партия емес, одақ құруды ұсынған.