11.06.2020, 17:40

Алтын Орда – ұлт тарихының жалғасы

Ең көп материал өнер және гуманитарлық ғылымдар саласында – 285 және әлеуметтік ғылымдарда – 189 қамтылған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауға сапарының нәтижесінде Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдық мерейтойын атап өту және ұлық ұлыстың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау жөнінде бастама көтеріліп, елімізде кешенді жұмыстар басталды. Тарихымызда ойып тұрып орын алатын мемлекеттің қаншалықты зерттеліп жатқандығы туралы жергілікті мамандардың пікірін білген едік.

Мұрат Насимов, саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Кез келген тақырыпты талдағанда әдеби шолуға ерекше мән беремін. Әдеби шолу ғылыми сараптама жүргізуге өте тиімді және әріптестердің зерттеу жұмыстарымен танысып шығуға болады. Мәселен, «Elsevier» компаниясына тиесілі «Scopus» библиографиялық және реферативті базасынан «Golden Horde» кілт сөзі арқылы 5 маусымда 332 материал табылып отыр.

Ең көп материал өнер және гуманитарлық ғылымдар саласында – 285 және әлеуметтік ғылымдарда – 189 қамтылған. «Golden Horde» кілт сөзі «Скопус» базасында тіркелген журналдар ішінен алғаш рет 1888 жылы Oxford University Press баспасы 1849 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін баспадан шығарып жүрген «Notes and Queries» журналында қолданылған екен. Материалдардың жариялану динамикасы да әр түрлі. Мәселен, осы жылы әзірге 3 мақала индекстелген болса, 2019 жылы 66, 2018 жылы 65, 2017 жылы 75, 2016 жылы 40, 2015 жылы 20 материал индекстелген екен. База көрсетіп тұрғандай, Қазан федералды университетінің ғалымдары С.Г. Бочаровтың (Bocharov, S.G.) 8, Л.Ф. Недашковскийдің (L.F. Nedashkovsky) 7 жарияланымы бар.

 

Ғалия Жәрімбет, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ оқытушысы, тарих магистрі:

Азуын айға білеген Шыңғыс ұрпақтары арасында тұңғыш ұлы Жошының ұрпақтары сайын даланың нағыз көкжалдары еді. Алтын орда Еуразия құрлығындағы Рим, Византия, Әмір Темір, Осман империяларымен қатар аталатын құрамына әртүрлі ұлттар мен ұлыстарды жинаған көпұлтты империя аталды. Жошыдан тараған Бату, Орда Ежен, Шайбан ұлдарының бәрі де жеке дербес мемлекет құрды. 1236 жылы моңғолдардың ұлы құрылтайында дүйім әскермен Европаға жорықты моңғол халқы Жошының

көкжал ұлы Батуға сеніп тапсырған болатын. 6 жылдық табанды соғыстың нәтижесінде 1242 жылы ұлан-ғайыр аумақта Алтын Орда империясы құрылды. Оның құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген. Алтын Орда хандары да атасы Шыңғыстың жолын ұстап, жаулап алған аймақ халқының діни-нанымы мен салт-ғұрыптарына еркіндік берді. Уақыт өте келе Алтын Орданың үшінші ұрпағынан бастап, қазақ халқына айнала бастады. Олар ислам дінін қабылдап, қыпшақ тілін мемлекеттің негізгі тілі ретінде қолданды.

70 жылдық тоталитарлық жүйе тұсында бұл тақырыпта ешқандай зерттеулер жазылмады және айтылмады. Бізде тыйым салынғанымен, батыс ғалымдары Алтын Орда тарихын жан-жақты зерттеді. Атап айтсақ, А.Тойнби, неміс ғалымы Бертольд Шпулер және Италия, Франция тарихшыларының еңбектерінде, соңғы уақытта Татарстан ғалымдарының зерттеулері мен отандық тарихшылар еңбектерінде кездесе бастады. Алтын Орданың күшейген уақыты – Бату, Берке, Өзбек, Жәнібек хандардың тұсында еді. Атап айтсақ, Бату империяның іргесін қалап, әлемге танытса, Берке тұсында Алтын Орда моңғол империясына Қарақорымға бағынбайтын дербес, ел ретінде танылды. Берке хан тұсында империя Еуропа мен Азияны байланыстырған стратегиялық маңызды орталыққа айналды. Жусанды қыпшақ даласынан құлдыққа сатылып, кейіннен қуатты мемлекет сұлтанына айналған Бейбарыспен достық, сауда байланысын жасады. Өзбек пен Жәнібек тұсында ислам діні мемлекеттік дінге айналып, өз атынан алтын теңгелер соғылып, қуатты ел ретінде әлемге танылды. Өзбек пен Жәнібектен соң империяның басынан бақ тайды. Ұланғайыр аймақ пен көпұлтты империяны басқару қиынға соқты. Оның үстіне Алтын Орда әскерінің Куликово даласындағы жеңілісі, империяның беделін түсірді. Осылайша бір кездегі қуатты империя құрамынан бірнеше хандықтар бөлініп шығып, қазақ, ноғай, қырым, астрахань, сібір, қазан хандықтары пайда болды.

Алғашқы билеушісі Батудан бастап (1227ж) соңғы ханы шейх Ахмадқа (1502ж) дейінгі 2,5 ғасырлық тарих мұқым қазақ баласы үшін – басты тарих. Сондықтан мемлекет басшысының пікірімен қосыла отырып, Жошы ханға құрмет көрсетуіміз қажет. Президент тапсырмасынан кейін Ұлытау аймағында мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, халықаралық туризм аймағына айналдыру, Жошы хан күмбезін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Болашақта Президент бастамасы аясында Жошы хан жөнінде фильмдер түсіріліп, Ұлытау халықаралық туризм орталығына айналады деген үмітіміз бар.

Тегтер: Алтын Орда