Ертеңнен бастап Алматының көк базары бірнеше күнге жабылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тексеру барысында базар әкімшілігінің 20 қызметкерінен коронавирус инфекциясы анықталған. Ал бір науқастың қауіпті індеттен қайтыс болғаны расталды. Бүгін сауда орны қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Ал ертеңнен бастап базарда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
«Көк базар бойынша кеше біздің мамандар жоспардан тыс тексерулер жүргізді. Тексеру барысында біршама кемшілік анықталды. Базардың жұмысын тоқтату туралы мен қаулы шығардым.
Базарда қоймалар бар. Сол қоймаларда ет өнімдері, тағамдар сатылып жатқан. Көкөністер, барлығы сол қоймаларда сақталады. Ол қоймалардың барлығы мұздатылады. Дезинфекциялық жұмыстар жүргізілген», - дейді Медеу ауданының бас санитар дәрігері Қасымхан Алпысбайұлы.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде 15 маусымнан бастап Алматыда кинотеатрлар жұмысын бастайтыны туралы ақпарат тараған болатын. Қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлады.
Қауіпті індеттің таралуы төмендемей тұрғандықтан, мәдени көпшілік орындар әзір ашылмайды.