Арыс қаласындағы жойқын жарылысқа 15 әскери қызметші мен бір азаматтық тұлғаның қатысы бар екені анықталды Прокурорлар 2019 жылдың 24 маусымында болған Түркістан облысы Арыс қаласындағы оқиғаға қатысты 500 беттен асатын айыптау актісін қарап жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Sputniknews.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкент гарнизоны әскери сотының баспасөз қызметі 16 сотталушыға қандай айып тағылғанын айтты. Олардың арасында Нұр-Сұлтан қаласында қызмет атқарған Қазақстан қорғаныс министрлігінің сегіз әскери қызметшісі, Арыс және Шымкент қаласының жеті әскери қызметшісі мен Шымкенттің бір тұрғыны бар.
Қызметіне атүсті қараған "Алты әскери қызметші Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (ауыр зардапқа әкеп соқтырған қызметіне салғырт қарау) бойынша айыпталып отыр. Сонымен қатар 462-баптың 3-бөлігі (қару-жарақпен, сондай-ақ айналаға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекет) бойынша айыпталып отыр", - деп хабарлады сот.
Бірінші бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Екінші бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Сонымен қатар бес адамға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылды.
Ысырап ету және жалған құжат жасау Екі әскери қызметші Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айыпталып отыр. Бұл бап мүлікті тәркілеп, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасын қарастырады.
Оқи отырыңыз: Мамин Арыстағы жарылыстан кейін жөнделген үйде болды – видео
Сонымен қатар олар Қылмыстық кодекстің 369-бабы 1-бөлігі (қызмет бабында жалған құжат жасау) бойынша айыпталып отыр. Бұл бапта екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Тағы бір адам жоғарыда көрсетілген баптар бойынша айыпталып отыр.
Бір әскери қызметкер мен бір қала тұрғыны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпталып отыр.
"Арыс ісінің" ерекшелігі Күдіктілер тобы сотқа дейінгі іс жүргізу барысында анықталады. Тергеу нәтижесінде әрбір күдіктіге нақты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін айып тағылады.
"Кей сотталушы бір қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталса, тергеу барысында кей сотталушының бірнеше қылмыс жасағаны анықталды. Қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, неғұрлым ауыр айып тағу немесе бастапқы айыптаудан өзгеше айып тағу арқылы прокурор айыпты өзгертуге құқылы", - деп түсіндірді соттың баспасөз қызметі.
Сот істі прокурор таққан айып шегінде ғана қарайды.
Арыстағы жарылыс 2019 жылдың 24 маусымында таңғы сағат 10 шамасында Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыс болды. Қала тұрғындары Шымкент пен көршілес аудандарға шұғыл көшірілді.
Төтенше жағдай салдарынан төрт адам қаза тапты: екі әскери қызметкер, бір жергілікті тұрғын және бір бала. Жарылыстан зардап шеккен бала санавиациямен Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. Алайда дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады.
Ал 11 қазанда Арыс маңындағы полигонда оқ-дәрілердің жиналған бөлшектерін жою жұмыстары кезінде әскери бөлім инженерлік қызметінің басшысы көз жұмды.
Арыс Шымкенттен 85 шақырым және Түркістаннан 168 шақырым жерде орналасқан, халық саны – 45 мың адам. Зардап шеккен қаланы қайта қалпына келтіруге тура келді. Қазіргі уақытта саперлер әлі күнге дейін Арыстан оқ-дәрілерді іздестіру және шығару жұмыстарын жалғастырып жатыр.