Алматы облысында айуандықпен өлтірілген 34 жастағы кәсіпкердің жақындары, сот үкімімен келіспейді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Астана арнасына сілтеме жасап.
Қанды оқиға дәл осыдан бір жыл бұрын Қарасай ауданындағы Көксай ауылының маңында болған еді. Марқұм Арман Жайсан сол күні таңғы сағат 10-дар шамасында үйінен шығып, қайтып оралмаған. Оған іздеу салған жақындары, араға 7 күн салып, мәйітін Үлкен Алматы көлінен тапқан. Марқұмның туыстары әлеуметтік желіде апталдай азаматтың айуандықпен өлтірілгенін жазған. Айтуларынша, кәсіпкер жігітті серіктестері көлікпен алып кетіп, қорлық көрсеткен. Денесін 11 рет пышақтап, мәйітті жасырмақ болыпты.
"Мен үнсіз қала алмаймын! Бұл дегеніміз нағыз айуандық, қатыгездік, дөрекілік қой. Біздің отбасымыздың қара жамылғанына бір жыл өтсе де, әділеттікке жету мүмкін болмай тұр. Ағамды жауыздықпен өлтіргендер, онымен 18 жыл бойы серіктес болғандар. Денесіне 11 рет пышақ сұққан. Тілінген жерлері де көп. Мәйітін тапқан соң оны үйге кіргізе де алмадық. Сырттан Құран оқытып, жерледік", - дейді Сәуле Жайсан.
Қанды қылмыстан соң облыстық полиция департаменті іс қозғап, 35 және 46 жастағы күдіктілерді қолға түсірген. Сондай-ақ, Қылмыстық Кодекстің 99 бабы, 2-ші бөлігі бойынша қарастырып, істі сотқа жолдапты. Сот алты айдан астам уақытқа созылып кінәлілерге жаза тағайындалған.
"Кісі өліміне әкелген қылмысқа жауапты ретінде екі азамат тартылды. Олар жәбірленушімен бірге серіктес болған Хамидуллин мен оның күзетшісі Төлепбергенов. Облыстық сот күзетші Төлепбергеновті кінәлі деп танып оны 11 жылға бас бостандығынан айырсын деген шешім қабылдады. Ал серіктес Хамидулинді 4 жылға бас бостандығынан айырды", - дейді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әділет Бақытов.
Жәбірленуші тарап болса, соттың бұл шешімімен келіспейді. Олар айуандықпен өлтірілген азаматтың ісін, Ішкі Істер Министрі бақылауына алса дейді. Айта кетейін марқұм серіктес болған компания ішкі аумақтарды тазартумен айналысқан.