Сәуле Қисықованың теңеуі Италия елшісінің намысына тиіпті
Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Cәуле Қисықованың «Италиялық сценарий» деген теңеуі аталмыш елдің дипломаттарына ұнамай қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы бастығының сөзіне жауап берген Италияның Қазақстандағы елшісі өзгелермен салыстырғанда өздерінің пандемиядан абыроймен шыққанын айтып, шенеуніктің әлемдегі жағдайдан мүлде бейхабар екенін бетке басты.
"Басқа елдермен салыстырғанда Италиядағы жағдай ешқашан бақылаудан шыққан емес. Пандемияның ең ауыр күндерінің өзінде бірде-бір Италия азаматы немесе шетел азаматы тегін медициналық көмексіз қалған жоқ. Қысқа уақытта ауруханаларда қосымша мыңдаған төсек қойылып, жаңадан медициналық ғимараттар бой көтерді. Аурумен күресуге бірнеше мыңдаған дәрігер мен медбикелерден топ ұйымдастырылды. Италияның дер кезінде қабылдаған шараларына қоғамдық институттар мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жоғары баға берді. Сондықтан Италия көптеген мемлекеттерге үлгі көрсетті деп айта аламын", - дейді Италияның Қазақстандағы елшісі Паскуале Д'Авино.
Астаналықтардың сақтық шараларына немқұрайлы қарайтынын сынға алған Сәуле Қисықова Нұр-Сұлтанда «италиялық сценарий» қайталануы мүмкін» деп жұртты қорқытпақ болған. Бірақ кейіннен өзі ұятқа қалды. Шенеуніктің мінберден аңдамай сөйлеген сөзі сол елдің дипломаттарының намысына тиген болуы керек, Италияның Қазақстандағы елшісі Қисықоваға қатқыл жауап берді.
Паскуале Д'Авино Италияның қиын шақта бірде-бір азаматын көмексіз қалдырмағанын айтты. Бастапқыда елі тізімнің басында тұрғанымен, кейіннен күресті күшейтіп, көрсеткішті жақсартқандарын шенеуніктің есіне салды. Дәл қазір Италиядан басқа елдер науқастардың саны бойынша көш бастап тұр. Бірақ біздегі шенеуніктер одан бейхабар болса керек.