Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққұм ауылдық клубының ұйымдастыруымен жас жазба ақындардың «Абай мұрасы – ұлт байлығы» атты облыстық онлайн жыр мүшәйрасы өтті.
Жыр байқауына қатысқан өрендер Абайға арнаған өлең жолдарын онлайн форматында жолдады. Жастардың өнеріне аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің жауапты хатшысы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қуат Ахетов пен А.Бисенов атындағы № 38 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Ыбырай Алтынсарин», «Жылдың үздік мұғалімі» төсбелгілерінің иегері Жанар Шілдебаева және Аққұм ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ақтоты Көшекбаева қазылық жасады.
Бұл мүшәйраға облыс бойынша 11 талапкер қатысты. Жыр додасының қорытындысына сәйкес бас жүлдені Қызылорда қаласынан қатысқан жас ақын Алина Мұратова жеңіп алды. Ал жүлделі І орынға Жалағаш ауданының қатысушысы Өмірзақ Дидар ие болды. ІІ орын жалағаштық Нұрай Бақбергенге берілсе, ІІІ орынды Жаңақорған ауданының қатысушысы Мұхамедәли Абдуллаев пен Сырдария ауданынан өлеңін жолдаған Әсел Зұлпар иеленді. «Үздік ақын» номинациясымен Арал қаласынан қатысқан Дильназ Қарашова және Жаңақорған ауданынан бақ сынаған Шүкір Серікболсын марапатталды.