Елордада COVID-19 таралу қаупін азайту мақсатында бірқатар қосымша шектеу шаралары қабылданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«23 маусымнан бастап қалалық емханаларда уақытша жоспарлы тағайындаулар мен науқастарды қарау өткізілмейді. Мамандардың жоспарлы консультациялық көмегі қашықтан жұмыс форматына көшірілді. Диспансерлік есепте тұрған адамдарға дәрі-дәрмектерді тағайындау қашықтан және тарату үйге жеткізумен жүзеге асырылады. Халықты вакцинациялау Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес жоспарлы түрде жүргізілетін болады. Жүкті әйелдерді қабылдау және ультрадыбыстық скрининг өзгеріссіз қалады. Қаланың емханаларында тек жедел медициналық көмек және КВИ белгілері бар науқастар қабылданады», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар ХҚКО-ның жұмыс кестесі таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін қысқартылды. Қаланың санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева атап өткендей, тұрғындар адам көп жиналатын орындарға барудан бас тартып, қатаң санитарлық нормаларды сақтау керек: маска киіп, қашықтық сақтау маңызды.
«Барлық кәсіпорындар жұмысы тоқтатылған «карантиндік демалыс» қажетті шара болды. Барлық саябақтар мен алаңдар жабылды, қоғамдық көлік тоқтап, адамдар себепсіз үйден шыққан жоқ. Тұрғындар немқұрайлық танытып, инфекцияның ауырлығын жете түсінбейді. Санитарлық нормаларға немқұрайды қараған жағдайда біз «карантиндік демалысты» тағы да енгізуге мәжбүр боламыз. Барлығы маска киіп, әлеуметтік қашықтық сақтауы керек», – деді қаланың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева.