ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында елдегі бизнес ахуалды жақсарту шаралары қаралды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова және «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндады.
Бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту үшін Үкімет заңнамалық базаны, реттеуші ортаны үнемі жетілдіріп отырады, кедендік әкімшілендіру жақсартылуда. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстан 2019 жылы «Doing Business» бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі Дүниежүзілік банк рейтингісінің ТОП-25 елінің қатарына енді, ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 30,8%-ға дейін өсті. Аталған көрсеткішті 2025 жылға қарай 35%-ға, 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу міндеті қойылды.
Биылғы 18 маусымда Парламент Сенаты бизнес ахуалды жақсарту мәселелері бойынша заңнамалық бастамалардың 8-топтамасын қабылдады. 6 кодекс пен 33 заңға жылжымайтын мүлікке салынған ауыртпалық туралы ақпаратқа қолжетімділік, электр желілеріне қосылу аясында «бір терезе» қағидатын енгізуді, табиғи монополиялар субъектілерінен ақпарат алу бойынша барлық кредиттік бюролар үшін тең жағдайлар жасауды, сәулет-жоспарлау тапсырмасы, топографиясы және техникалық шарттары бар жер телімдерін беру бойынша рәсімдерді жеңілдетуді, сондай-ақ монополияға қарсы реттеудің тиімділігін арттыруды көздейтін 200-ге жуық түзету енгізілді.
Үкімет басшысы барлық өңірдің кәсіпкерлерімен мәселені талқылау, сонымен қатар Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында мәселені қарау қорытындылары бойынша бизнесті қолдау жөніндегі 43 қосымша шарадан тұратын іс-шаралар жоспары әзірленгенін атап өтті.
Іс-шаралар жоспары бизнес ұсынған келесі негізгі бағыттарды қамтиды, атап айтқанда, сатып алуды жеңілдету және қазақстандық үлесті дамыту, ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыру және кредиттерді қайта қаржыландыру мүмкіндігін кеңейту, тауарлардың экспортын дамыту және рәсімдерді жеңілдету.
«Бүгін айтылған барлық шараларды жүзеге асыру кәсіпкерліктің одан әрі дамуына серпін береді, Қазақстанның бизнес ахуалы мен “Doing Business” рейтингіндегі позициясын жақсартуға ықпал етеді», — деп А. Мамин, мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге барлық жоспарланған іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.