Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев алматылық ақын-жазушыларды қолдау мақсатында арнайы сыйақы тағайындап, кітаптарын шығаруға атсалысып келеді. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы ақын Темірхан Медетбектің пікірін сұрап білген еді.
Ақынның айтуынша, Сағынтаев шаһарға басшы болып келгелі, біраздан бері байланыс үзіліп қалған ақын-жазушылармен қайта байланысып, ынтамақтастық арта түскен.
«Қала әкімі алғашқы айлардың өзінде-ақ бізбен бірге Жазушылар одағында кездесу өткізді. Алматы қаласында тұратын жазушылардың бәрімен кездесті. Одан кейін сонда үлкен әңгімелер, ұсыныс-талаптар болды, өз пікірлерімізді айттық. Өйткені ақын-жазушылар дейтін халықтың көзі және құлағы. Содан кейін қаланың мәселелерін де, өз мәселелерімізді де айттық. Жазушылар одағында жинақталып қалған проблемалар бар еді», - дейді ақын Т.Медетбек.
Осы жиында айтылған негізгі мәселелердің бірі – Жазушылар одағының ғимараты екен. Темірхан Медетбек сол жиында уәде етілгендей ескерткіш көне ғимараттың күрделі жөндеуден өткенін қуана хабарлады.
«Сағынтаев біраз жазушылардың кітабын шығарып та берді. Былтырдан бері 500 000 теңге сыйақы беру басталды. Алматыдағы жазушылардың біразы сыйақы алды. Әрине, 500 000 теңге қазір мұқтаждық, қажеттілік көбейіп тұрған кезде үлкен көмек болды. Олардың моральдық, материалдық жағынан болсын үлкен демеу деуге болады. Сол 500 000 теңгенің берілуі жазушылар одағына деген үлкен ықылас, пейілі, ниет. Бақытжан Сағынтаев өзінің рухани жомарт жан екенін, интеллектуалдық қуаты, деңгейі жоғары екенін көрсетті», - деді Т.Медетбек.