30.06.2020, 17:00

БҚО-да коронавирустан 3 адам көз жұмды

82 жастағы әжей ауруханаға 8 маусым күні түскен.

Батыс Қазақстан облысында COVID-19 вирусын жұқтырған тағы үш адам қайтыс болды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қайтыс болғандардың бірі 1938 жылғы әйел болса, екеуі – 1981 және 1963 жылғы ер адамдар.

82 жастағы әжей ауруханаға 8 маусым күні түскен. Оның басқа да аурулары болған. 15 маусым күні науқаста пневмония пайда болып, ауруы асқынып кеткен.

1981 жылғы науқастың ауру белгілері 27 мамырда пайда болып, 3 маусымда ол жедел жәрдем шақыртқан. Ауруханаға түскен күні одан ПТР-тест алынып, нәтижесі оң болып шыққан. Сол уақыттан бері ер адамның сырқаты асқына беріпті. 15 маусым күні ол екіжақты пневмониядан көз жұмған.

1963 жылғы ер адамның коронавирус жұқтырғаны 13 маусым күні анықталған. Арада небәрі бір күн өткеннен кейін ол қайтыс болып кетті.