Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай түрлі шаралар басталып кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы malim.kz-ке сілтеме жасап.
Грецияда Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫНЫҢ кітабы жарық көрсе, Румыния астанасында елбасымен аттас саябақ ашылды.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, іс-шараны Қазақстанның Румыниядағы Елшілігі Қазақстан-Румын Іскерлік кеңесінің және Бухарест қаласы 1-сектор мэриясының қолдауымен өткен.
«Айтулы іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімдігі мен Бухарест қаласы 1-секторының мэриясы арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандум себепкер болды», – делінген ақпаратта.
Саябақтың ашылу салтанатында елші Нұрбах Рүстемов Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген еңбегі жайлы баяндап, тұңғыш президентінің арқасында еліміз халықаралық аренада жоғары деңгейге жеткенін айтты.
«Баяндамашылар екіжақты қатынастардың дамуындағы оң динамиканы, сондай-ақ «Нұр-Сұлтан» саябағының ашылуы достас екі халық арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам ретінде қарастырылатынын, Қазақстан-Румыния байланыстарын тереңдетудегі осындай мәдени өзекті оқиғалардың тарихи маңыздылығына назар аударды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың 1998 және 2007 жылдары Румынияға жасаған сапарлары Қазақстан-Румыния қатынастарына алғаш серпін берген болатын. Сол уақыттан бері Румыния Қазақстанға 1,7 млрд АҚШ доллар инвестициялады. Екі ел арасындағы жылдық тауар айналымы бүгінде 1,8 млрд АҚШ долларына жетті», – делінген СІМ мәліметінде.