01.07.2020, 13:00

Нұр-Сұлтанда коронавирус өршіп тұрса да ашық аспан астында кино көрсетілмек

Міндетті түрде маска тағып, санитайзерлер қолдану және әлеуметтік қашықтық сақтау керек.

Астана күнінде тұрғындар отандық және әлемдік кинематографтың үздік туындыларын тамашалай алады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты

Нұр-Сұлтан тұрғындары мен қонақтары 1-6 шілде аралығында қазақстандық және әлемдік фильмдерді ашық аспан астында тамашалай алады. Көрсетілім «Астана-Арена» стадионының алдында (Қабанбай батыр даңғылы бойымен) өтеді. Ұйымдастырушылар қауіпсіздік шаралары туралы да ескертеді. Міндетті түрде маска тағып, санитайзерлер қолдану және әлеуметтік қашықтық сақтау керек. 

Kino Space аясында «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Біздің аяулы дәрігер», «Алпамыс мектепке барады», «Путь Лидера» киноэпопеясы, «Ақсақ құлан», сондай-ақ шетелдік «Джон Уик», «Приключения Питера Пэна», «Астерик и Обеликс» және т.б фильмдер көрсетіледі.

 Сеанстың басталу уақыты – 21:30, кіру тегін. Көрсетілімде ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы мүмкіндіктер қарастырылады. Айта кету керек, «Kino Space» кинотеатрына MEGOGO халықаралық медиа қызметі мен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы қолдау көрсетті. Шара барлық азаматтарға шетелдік продюсерлердің лицензияланған фильмдерін және қазақ киносының классикасын ашық аспан астында тегін тамашалауға мүмкіндік береді.