Алматыда үрейге ұшыраған адамдар саны артқан. Карантин мен коронавиустан қорыққан тұрғындардың арасында тығырықтан шығудың жолы суицид деп ойлайтындар саны көбейген. Ал, ажалға ерікті түрде атанғысы келетіндерді райынан қайтару үшін жедел қоңырау орталығының психолготары олармен сағаттап сөйлесуге мәжбүр. Төтенше жағдай кезінен бері қарбаластың астында қалған Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының психологтары өзімізге де психологиялық көмек керек дейді.
Карантиннен қажып, орталықтың телефонына «өлемін, бір апта ұйықтамадым, бәрінен шаршадым» деп айқайлайтын талай адамды ажалдан арашалап қалған психологтың бірі – Мейрамгүл Ибашова. Кезекшілік кезінде кемінде он адамның жеке өміріндегі проблемамен ортақтасып, тұрмыстан қажыған тұрғындармен тілдеседі.
«Бүгінгі кезекшілігімде түске дейін психологиялық күйзеліске ұшыраған 8 адам қоңырау шалды. Барлығы карантин мен коронавирустан, оқшауланудан қажыған. Депрессияның соңғы нүктесіне келгендер жанайқайын бөлісуде соңғы рет тілдесіп қалғысы келетіндерін айтады. Бұл суицидке баратын адамның әлі де өлігісі келмей тұрғанын білдіреді. Біздің орталықта клиникалық психиатриялық салада кемінде 5 жыл жұмыс істеген мамандар отырады. Біздің жұмыстың басты ерекшелігі – ажалға аттанғысы кеп тұрған бейтаныс адамды алыстан аман сақтап қалуға шамасы жететін психолог болу керексің», - деді Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығы дағдарыс жағдайындағы сенім телефонының психолог-координаторы Мейрмагүл Ибашова.
Жүйкесі жұқарған жандарға 20 жылдан бері көмек көрсетіп келе жатқан маман тұрғындар арасында үрейленудің қайта басталғанын, қоңыраудың әдеттегіден екі есеге артқанын айтады. Алғашқы карантин кезінде тек өзіне өлуге дайын екенін айтып, 13 адам хабарласқан. Тікелей телефон шалатын тұрғындардан бөлек, аурухана мен полициядан да көмек сұраған қоңыраулар түседі екен.
«32 жастағы жігіт хабарласты. Температурасы болғандықтан өзін коронавирус жұқтырған деп ойлаған. Байыз тауып отыра алмайды. Біздің орталыққа келейін десе өзін «психпін» деп атаудан қорқады. Сосын ішімдікке жүгінген. Кейін одан да жалығып, үш күн ұйқыдан айрылған. Ой түбіне жете алмай, қажыған соң мәселені шешудің жолы өлім деп санаған. Міне, осындай жайттар көп бізде. Ондай кезде түрлі психологиялық амалдарға барып, телефонның арғы жағында отырған жандармен бірге неше түрлі жаттығулар жасаймыз. Күйзелістегі адамдардың 80-90 пайызын суицид туралы райынан қайтара аламыз», - дейді клиникалық психологияны меңгерген маман.
Көктемнен бері жалғасып келе жатқан карантинде отбасылық жанжал да жоғарлапты. Іштегі мұңын, шексіз шерін, жасырын сырын айтқандардың арасында ер адамдар да кездеседі екен. Ене сыйдырмаған келін, күйеуі мен әйелінің жиі жанжалдасуы, жаны жабырқаған жасөспірімдер сынды шырғалаңға шырмалған адамдардың саны да коронавирус жұқтырғандармен қатар көбейген. Психикалық сауықтыру орталығының сенім телефонына ақпан айында – 203, наурызда – 292, сәуір айында – 304, мамырда – 271 жан көмек сұрап хабарласқан. Телефон қоңырауынан бөлек орталықта ем алып жатқандар да аз емес.
«Наркологиялық ауруларды және психикалық ауытқулары бар адамдарды емдейтін екі филиалымыз бар. Сенім телефонымен қатар онлайн кеңес, көмек беру де артты. Төтенше жағдай кезінде ері мен әйелінің арасында жанжалдасу көбейді. Карантинде үйде отырғандықтан, алкогольді ішімдік ішу артты. Суицидке баруға бірнеше күн дайындалып, соңғы сәтте сөйлесіп қалығысы келіп, хабарласқандарын айтады. Былтырғы жылмен салыстырсақ биыл отбасылық жанжал көбейген. Наркологиялық бөлім 272 орынға арналған. Орталық қазір науқастарға толып тұр. 150 төсек соттың шешімі арқылы еркінен тыс емделетін маскүнемдерге, қалған орындар алкогольдің кесірінен психоз болғандарға арналған. Карантин уақытында барлық төсек босамады, адамдар толып жатты. Психикалық ауытқулары бар науқастарға 360 төсек қаралған. Оның ішінде ақылынан адасқандарға арналған герентолгия бөлімі де альцгеймерлермен толықты», - деді Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеев.
Жүйке ауруларына шалдыққан жандарды емдейтін психикалық сауықтыру мекемесінің бір бөлігі 5 наурыздан бастап карантиндік орталыққа айналды. Онда шетелден келгендер, коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғандар жатты. Төтенше жағдай мен карантин уақытында бір мыңнан астам адам бақылауда болған. Мемлекеттік мекеме 30 маусымнан бастап провизорлық орталыққа айналды. Алматының жалғыз психдиспансерінде жүйкесін емдеткендерден бөлек қауіпті вирусты жұқтырып, өкпесі қабынған тағы 200 науқас жатыр.
«Алматыда адамдар арасында үрей басталған. Тағы карантин болады дегенді естіген адамдар «бәріміз ауырамыз», «қамалып аш қаламыз» деген сынды қорқынышпен хабарласып жатыр. Әскери психолог, педагогикалық психолог, еңбек, бизнес-коучинг сынды психологияның өз ішінде қазір неше түрлі сала болып бөлінеді. Соның ішінде ең ауыры – біздікі, өйткені психодиагностика жасап, түрін көрместен адамның қалыпты немесе потологиялық жағдайда тұрғанын ажыратып, көмек беруіміз қажет. Тәулігіне 18 адаммен сөйлесіп, көмек көрсеткен кездерім болды. Өзімізге де психологтардың көмегі керек. Олардың не түрлі жағдайына бірге ортақтаса отырып, құтқарып қалу үшін шаршаймыз. Жүз мың теңге жалақымызға қарамастан суицид сергелдеңіне түсіп, қиындыққа тап болған адамдарды райынан қайтарумен айналысып жатырмыз», - деді психолог Мейрамгүл Смағұлқызы.
Жылы сөзге сараңдық танытпай, тәулік бойы тегін көмек беруге дайын психологтар тығырықтан шығудың жолын іздегендерді мына телефон нөмірлері арқылы күтеді: +7 727 3765660, +7 708 983 28 63, 1303
Дереккөз: azattyq-ruhy.kz