04.07.2020, 09:26

«Жоғарыдағыларға қайтарып береміз»: бас дәрігер берілген үстемақының жартысын өзі алып келген (ВИДЕО)

Жамбыл облысының әкімі медициналық ұйымға қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия жіберді.

Тағы бір дәрігер Президенттен араша сұрады. Бұл жолы Жамбыл облысы Жуалы аудандық ауруханасының медицина қызметкері жанайқайын жазып, әлеуметтік желіге жариялаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Видеожазбада Фариза Жанбатырова карантин кезінде жасаған еңбегі үшін берілген үстемақының жартысын басшылар қайтарып беруді талап еткенін айтады.

"Емхана басшылары бізге түскен 160 мың теңгенің 39 000 теңгесін қайтып беріуімізді талап етті. Неге деп сұрақ қойғанда, жоғарыдағы басшылардың талап етуі, соларға қайтарып береміз деп айтты", - дейді медбике желіде тараған видеода.

Жамбыл облысының әкімі медициналық ұйымға қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия жіберді.

"Қызметтік тексерудің алдын ала нәтижелері бойынша медицина қызметкерінің кейбір дәлелдері расталды. Ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан, оған бірінші кезекте, емдеу мекемесі басшылығының кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарау әсер етті", - делінген әкімдік баспасөз қызметінің ақпаратында.

Тәртіп бұзушылықтар үшін аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай, бас дәрігердің экономика жөніндегі орынбасары Абзал Байтореев қызметінен босатылады.

Сондай-ақ, Жуалы ауданының әкімі Нарбай Еркебековке сөгіс жарияланды.