$ 498.34  519.72  4.85

«Неге тест кезінде COVID-19 шықпайды?»: елімізде пневмониядан қайтыс болғандардың саны күрт өсті

Министрдің айтуынша, биыл маусым айында пневмонияға шалдыққан 32 724 науқас тіркелді.

Әлемде коронавирус пандемиясы басталған кезде инфекция күн көзіне шыдамайды, ультракүлгін сәулелер оны күйдіріп тастайды, сондықтан жаз шыққанда вирус азаяды деген нақты болжам болған. Алайда маусымда науқастардың саны күрт өсті. Пневмония өршіп кетті. Бұл коронавирус инфекциясының негізгі симптомы болып саналса да, тестен COVID-19 шығып жатқан жоқ. Бүгінде пневмониядан қайтыс болғандардың саны коронавирус құрбандарынан екі есеге асып түсті. Sputnik Қазақстан қазіргі пневмония мен коронавирус арасында байланыс бар-жоғын анықтап, вирустың генетикалық мутациясы мен оны емдеу шараларының қалайша өзгергенін зерделеп көрді.

Иә, маусым айында ауруханаға пневмониямен түсетін науқастардың саны күрт көбейді. Нұр-Сұлтанда күн сайын стационарға 600-ге жуық пациент жеткізілді. Науқастарға арналған төсек-орынның 90 проценті толып қалды. Шымкент, Ақтөбе мен Атырау да тура сондай жағдайға тап болды. Ал Алматы қаласының әкімі пневмония эпидемиясын жариялауға мәжбүр болды. Себебі бір айдың ішінде пневмониямен ауыратындардың саны бес есеге артты. Бүгінде спорт кешендері қосымша стационар ретінде қолданыла бастады. Себебі ауруханада орын жоқ.

Дегенмен, пневмониямен түсіп жатқан науқастардың барлығынан COVID-19 шығып жатқан жоқ. Оны жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да растады. 2 шілде күні өткен баспасөз мәслихатында ол бір тәуліктің ішінде коронавирустан 10, ал пневмониядан 20 адам науқастың көз жұмғанын мәлімдеді. Демек, бүгінде пневмония құрбандарының саны екі есеге көп болып тұр. Олардан коронавирус анықталмаған. Осы орайда тағы бір статистиканы айта кеткен жөн. Министрдің айтуынша, биыл маусым айында пневмонияға шалдыққан 32 724 науқас тіркелді. Өткен жылы тура осы айда небәрі 7 964 пациент болған. Сонда биыл пневмонияға шалдыққандардың саны төрт есеге (!) өсіп отыр.

Әрине, бұл жерде заңды бір сұрақ туындайды. Науқастардан коронавирус табылмаса, пневмонияны қандай вирус қоздырып отыр? Неге тест кезінде COVID-19 шықпайды? Дәл осы пандемия кезінде пневмония жайдан-жай өршіп тұрған жоқ қой? Демек, байланыс бар. Оған қоса, пневмония коронавирус инфекциясының негізгі әрі қауіпті симптомы болып саналады.  

Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова да пневмониямен түсетін науқастардан ПТР-тест алғанда бәрінен бірдей коронавирус шықпайтынын айтқан. Маман оның себебін де түсіндірді.  

"Соңғы кезде пневмониямен түсетін науқастардың тесті теріс нәтиже көрсетіп жатыр. Ондай болады. Себебі коронавирус инфекциясы жоғарғы тыныс алу жолдарынан төменгі тыныс алу жолдарына түседі. Осы кезде ПТР-тест оң нәтиже көрсетпеуі мүмкін", - дейді Есмағамбетова.

Сонда бас санитардың сөзіне қарағанда, коронавирус өкпеге өтіп кеткенде жұтқыншақтан шықпауы да мүмкін. Ал ПТР-тест теріс нәтиже көрсетсе де, адамның ағзасында COVID-19 болады. Содан болар, бүгінде емдеу тәртібіне "коронавирус инфекциясының ықтималдылығы" деген анықтама енгізілген. Бұл дегеніміз, пневмониямен түскен адамның тесті теріс нәтиже көрсетсе де, "коронавирус инфекциясының ықтималдылығы" диагнозы жазылады. Осының арқасында науқас дер кезінде емделеді екен.

Соңғы кезде коронавирус мутациясына қатысты әңгімелер де тарай бастады. Мәселен, денсаулық сақтау министрінің зертханалық қызмет жөніндегі кеңесшісі Жанар Сүлейменова коронавирус инфекциясы генетикалық жағынан өзгеріске ұшырады деп санайды. Соның нәтижесінде бүгінде республика бойынша симтомсыз науқастар жиі анықтала бастады. Індет жеңіл түрде өтетін болған. Алайда қазіргі пневмония эпидемиясын коронавирус қоздырса, инфекция генетикалық жағынан қауіпті мутацияға ұшыраған секілді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да коронавирус мутациясына қатысты өз ұстанымын білдірді. Бас ғылыми қызметкер Сумия Сваминатанның айтуынша, зертханалық зерттеулер кезінде вирустың мутациясы анықталған. Ондайда инфекция жылдам көбейеді және тез таралады екен.

"Жақында зертханада "D614G" деп аталатын ерекше мутация анықталды. Ондайда вирус жылдам көбейеді, оның таралуы да күшейеді", - дейді Сваминатан. Бірақ мутацияға ұшыраған вирустың қаншалықты қауіпті екені белгісіз.

Ал біздегі коронавирустың мутациясы қандай? Ол жағы да белгісіз. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды COVID-19 жылдам таралып жатқан мемлекеттердің қатарына қосты.

Айтпақшы, өткен аптада елімізде коронавирус инфекциясын емдеудің клиникалық хаттамасына тағы өзгеріс енгізілді. Енді, жағдайы орташа ауыр науқастарды амбулаториялық деңгейде, яғни, үйде вирусқа қарсы препараттармен емдеп көрмек. Ал ауруханада жатқан науқастардың үш күн ішінде дене қызуы көтерілмесе, компьютерлік томография немесе рентген кезінде өкпеде оң динамика байқалса, ауруханадан ерте шығаруға шешім қабылданды. Пациенттің денсаулығын ары қарай емхана дәрігері бақылайды. Осылайша, ауруханадағы орын тапшылығы шешіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары