Аустралияның ең тығыз қоныстанған екі штаты арасындағы шекара Мельбурнде коронавирустың өршуіне байланысты бүгіннен бастап белгісіз мерзімге жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Виктория мен Жаңа Оңтүстік Уэльс арасындағы шекара 100 жылда алғаш рет жабылып отыр. Соңғы рет екі штаттың арасындағы қозғалыс испан тұмауының пандемиясы кезінде 1919 жылы тоқтатылған еді. Виктория штатының астанасы Мельбурнде COVID-19 жұқтыру оқиғаларының саны соңғы күндері күрт артты. Бұл, билікке әлеуметтік қашықтық бойынша қатаң ұйғарымдар енгізуге түрткі болды.
Виктория штатында бір түнде коронавирустың 127 жаңа жағдайы тіркелді. Бұл – пандемия басталғалы бір күнде ең көп тіркелген көрсеткіш. Екі адам қайтыс болғаны хабарланды. Жергілікті билік бұл екі аптадан астам уақыт ішінде елде болған алғашқы өлім жағдайлары екенін айтты. Жалпы Аустралияда коронавирустан 106 адам көз жұмды. Жаңа Оңтүстік Уэльстің премьер-министрі Глэдис Береджиклян шекараның қашан ашылатыны әлі белгісіз екенін, шекараны заңсыз кесіп өту фактілерінің алдын алу үшін әскери күштер күзететінін айтты.
Оның мәліметінше, шекарадан өту үшін рұқсат қағазын алу қажет. Айта кетейік, Аустралия коронавирус пандемиясымен күресте жақсы нәтижеге қол жеткізген болатын. Елде барлығы 8 500 оқиға тіркелді. Алайда, Мельбурнда өршіген ахуал жағымды статистиканы бұзды.