Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Нұр-Сұлтан қаласындағы кардиологиялық орталыққа жеткізілді. Оған жүрек жетіспеушілігі диагнозы қойылған, сондай-ақ, демікпесі бар деп хабарлады облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов онлайн-брифингте.
Еске салайық, бұған дейін Амандық Баталовтың коронавирус жұқтырғаны хабарланған болатын.
«Өздеріңізге мәлім, Амандық Ғаббасұлынан коронавирус үш апта бұрын анықталған еді. Ол ем қабылдап жатқан, бірақ, демікпе және жүрек жетіспеушілігі пайда болғандықтан дәрігерлер оны Нұр-Сұлтандағы кардиологиялық орталыққа жатқызуды жөн деп санады», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, қазір А.Баталовтың жағдайы жақсарған.
«Ол ем қабылдап жатқандықтан жағдайы жақсарды. Әкім үнемі спортпен айналысатын, денсаулығы мықты. Жақын күндері ауруханадан шығып, жұмысқа оралады», - деді Батыржан Байжұманов.
Амандық Баталовтың коронавирус жұқтырғаны 22 маусымда мәлім болған. Ол аурудың симптомсыз өтіп жатқанын айтқан еді.