Ауруханада түсіп қалған ақын Мұхтар Шахановтың беті бері қарады. Елге танымал азаматтың денсаулығы жайлы оның орынбасары Құдияр Біләл айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Алаңдауға негіз жоқ. Мұхтар Шаханов ағамыздың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп жатқан ағайынға айтар алғысымыз шексіз. Алайда кейбір қаңқу әңгімелерді де құлағымыз шалып қалды. Басын ашып айтайық. Ешкім мазасын алмасын деп телефонын сөндіргенбіз. Бұл - бір. Екіншіден, өкпесінің қабынуы қауіпті деңгейде емес. Алайда жүрекке салмақ түсу қаупі бар. Ең бастысы, тамаққа тәбеті болмай, біраз күш жоғалтып алды", - деп жазды Құдияр Біләл facebook парақшасында.
Оның жазбасына көзжүгіртсек, Мұхтар ақынның жағдайын жары жасап жатқан көрінеді. Дегенмен ол күшін жоғалтып, әлсіреп қалғанға ұқсайды.
"Соған орай, бүгін Қаншайым жеңгеміз өзі қадағалап отырып қымыз ішкізді. Ертең таң атпай сорпа-суын алып барады. Жеңгейдің өз қолымен дайындаған дәмі Мұхтар ағамыздың бойына күш қосар деген үміттеміз. Оған қосымша дәрігерлер де тамақтық қуат беретін іс-шараларды қолға алды. Әзірге тамақтан басқаға өкпеміз жоқ. Тек шамалы әлсіздік бар. Қазақтың біртуар дара перзентінің денсаулығына алаңдаушылық білдіргендеріңіз үшін рақмет. Алла Тағала жақсы күндерде жүздесуді нәсіп етсін", - деп жазбасын аяқтады.
Естеріңізде болса, бұған дейін туған күнін атап өткен ақынның артынша денсаулығы сыр беріп, ауруханаға түскені жайлы ақпарат жариялағанбыз.