$ 498.34  519.72  4.85

Жошы хан тамсанған Сыр бойындағы қала

Ортағасырлық ғалымдардың жазбаларында Баршынкент жайлы деректер кездеседі.

Жошы хан Сыр бойындағы қалаларды жаулап алған сәтінде Баршынкент қаласының көркіне ерекше тамсаныпты. Бірақ, бұл мекеннің тұрғындары Жошыға оңайлықпен берілмеген көрінеді. Сол себептен Жошы Баршынкентті құм басқан жерге айналдырған деседі.

Қызылорда қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан Қоғалыкөл ауылы маңындағы Баршынкент қаласының орны бүгінде археолог-ғалымдардың басты назарында. Тарихтың таңбалары жатқан топырақты зерттеуге ел ғалымдары білек сыбана кірісіп кетті. Баршынкент қаласының орнынан табылған кесенені топырақ үйіндісінен тазарту, қазба жұмыстарын жүргізу 2018 жылы қолға алынды. Бұл туралы «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Мадияр Елеуов құнды мәліметтер айтуда. Ғалым кесенедегі ою-өрнектердің ерекшелігі, мұндай безендірілген жәдігердің әлі ешбір жерден табылмағандығы жайлы пікір білдірген. Зерттеліп жатқан кесененің іргетасы ХХ ғасырдың орта тұсында бұзылған көрінеді. Қоғалыкөлге салынған ескі аурухананың құрылысына осы кесене кірпіштерінің қолданылғанын жергілікті халық та растап отыр.

Ортағасырлық ғалымдардың жазбаларында Баршынкент жайлы деректер кездеседі. Тарихи жазбаларда бұл қалада биік қамалдардың болмағандығы, десе де сәулет өнері ерекше дамыған, көз тартарлық мекен болғандығы жазылған. Баршынкенттен табылған кесенені зерттей келе ғалымдар оның құрылысын Алтын Орда дәуірімен байланыстырды. Өйткені, кесене нобайы Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне ұқсас екен. Ал сәнделуі мен архитектуралық ерекшеліктеріне қарап бұл кесененің бастауы Қарахан кезеңіндегі ескерткіштерге ұқсайтындығын жеткізуде.

Бұл мекенге қазба жұмыстарын жүргізу басталған сәтте «Баршынкент» деп жазуы бар тиын табылған еді. Зерттеушілер тарихи орынды дала музейі етіп жасау туралы ұсыныс білдірген. Дәл қасында елді мекен бар болғандықтан инфрақұрылым тарту шығыны көп болмайтынын да жеткізген. Аспанасты музейін жасау үшін ғалымдар өздері зерттеген құнды дүниелердің үстін кесекпен өріп жауып қойып жатыр. Себебі жабық тұрған нысандардың ұзағырақ сақталатыны белгілі. Әрі мұнда келуші туристердің тарихи жерді тамашалуына үлкен мүмкіндік болары сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алтын Орда