Бүгін Алматыда коронавирус инфекциясынан белгілі журналист Мира Құдабаева-Мұстафина өмірден озды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін, Жалпыұлттық аза тұту күнінде журналист Мира Мұстафина өмірден озды», - деп хабарлады Liter сайтының бас редакторы Кирилл Жданов.
Ол бірнеше күн бұрын әріптестеріне вирустан айығып келе жатқанын жазған. Сондықтан, әріптестері үшін оның қазасын есту – ашық күнде найзағай түскенмен бірдей хабар болған.
«Мира туралы, әсіресе, оның аяқасты қазасын естігеннен кейін өткен шақта айту өте қиын. Мира ескі мектептен шыққан нағыз журналист еді, ондай журналистерді енді оқытпайды. Ол өз кәсібін мақтан тұтатын. Ол жанрларды тамаша меңгерген, мәдениеттен де, саясаттан да мол хабары бар журналист еді. Мира ылғи Қазақстандағы әйелдердің құқығы үшін күресіп, сол арқылы сан мәрте қоғамның алғысы мен марапатына ие болды. Оның өлімі бүкіл журналистика үшін орны толмас қаза болып отыр. Мира Мұстафина көп арасынан ерекшеленіп тұратын адам еді, оның сөйлеу мәнері мен стилі үнемі өзіне тартып тұратын, ол кез келген ортаға оңай сіңісіп кететін. Ол резонанс тудыра алатын, өзгеге көмектесе алатын, қиындыққа бой бермейтін тамаша адам еді. Бұл жолы да солай болды, ол «жағдайым нашарлады» деп айтпаған еді, рух биіктігін сақтады. Мира жан-жақты, кәсіби журналистің үлгісі бола білді. Оның орнын ешкім толтыра алмас», - деді Liter сайтының бас редакторы Кирилл Жданов.