Қазақстанға Түркиядан гуманитарлық көмек жетіп, ол жедел таратылды, деп хабарлады Sputniknews.kz, мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде гуманитарлық көмек түсіріліп жатқан видео пайда болды. Видео авторы бұл жүк танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева мен қоғам белсенділерінің қайырымдылық қоры арқылы Түркиядан жіберілген 125 тыныс алу аппараты мен дәрі-дәрмектер астана әуежайының қоймасында тұрғанын айтады.
"Гуманитарлық көмек 14 шілде күні сағат 02:30-да Түркиядан Нұр-Сұлтан әуежайына келді. Жүкті қабылдап алушы – "СК-Фармация" ЖШС. Ал жіберуші – "Айдың нұры" және "Отандастар" қайырымдылық қоры. 12 тоннадан асатын жүк құрамында дәрі-дәрмектер, медициналық қорғаныс құралдары мен жасанды тыныс алдыру аппараттары бар", – делінген хабарламада. Жүкті ұшақтан түсіру 14 шілде күні таңғы сағат 4-те аяқталды. Жүк әуежай қоймасына түсірілді.
"Жүкті қабылдаушы тараптың өкілдері 10:00-де келген соң тауарлар жеңілдетілген тәртіпте кедендік рәсімдеуден өтті. Барлық кедендік рәсімдер 10 минут ішінде аяқталды. 11:00-де тауарлар әуежайдан бірнеше партиямен шығарылды", – деп толықтырды департамент.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлімдеуінше, кедендік ресімдеуге рұқсат қағаздары бар тауарлар сертификаттаудан өткізілуі тиіс. Өйткені, төмен сапалы дәрілер мен өнімдерді пайдалану пандемияға қосымша қауіп төндіруі мүмкін.
Бүгінде мемлекеттік кірістер органы тауарларды жедел кедендік ресімдеуге күш жұмылдыруда және қажетті құжат ұсынылған кезде гуманитарлық көмек дереу шығарылады.
"Осыған байланысты барлық кеден бекеттері тәулік бойы жұмыс істеуде. Олар қажетті құжаттарды ұсыну жөнінде кеңес беріп, қандай да бір түсінбеушіліктер туындаса қажетті кеңес алу үшін алдын ала жүгінуді сұрайды. Сондай-ақ, 1414, 8-800-080-7777 байланыс телефоны арқылы мемлекеттік кірістер комитетінің байланыс-орталығына да қоңырау шалуға болады",– делінген ведомство хабарламасында.