17.07.2020, 11:40

Ғалымдар коронавирустан болатын асқынудың басты белгісін анықтады

Фото: aa.com.tr
Мысалы, ауыр науқастарда иммундық жүйе вирустармен күресу үшін қолданатын I типті интерферондардың жетіспеушілігі байқалды.

Француз ғалымдары коронавирус инфекциясынан туындайтын асқыну қаупі жоғары науқастардың басты ерекшелігін атады. Бұл туралы Science журналында жарияланған мақалада айтылды деп хабарлайды kaz.nur.kz.

Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, ғалымдар Covid-19 вирусын жұқтырған 50 пациентке зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Олардың арасында аздаған жөтелден ауыр тыныс алу жеткіліксіздігіне дейінгі түрлі симптомдағы науқастар болыпты.

Қан, тіндерді, иммундық жасушалар мен басқа да биоматериалдарды талдай келе, зерттеушілер асқыну белгілері бар адамдарға тән ортақ ұқсастық – интерферонның тапшылығы және күшейтілген қабыну деген қорытындыға келген.

Мысалы, ауыр науқастарда иммундық жүйе вирустармен күресу үшін қолданатын I типті интерферондардың жетіспеушілігі байқалды. Ал интерферондарды өндіру коронавирус инфекциясының дамуын баяулататыны белгілі. 

Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, интерферон – науқастың симптомдары мен сауығуына әсер ететін негізгі фактор. Сонымен қатар, коронавирусты жүйелі емдеудің бірден-бір жолы.