Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 1 тамыздан бастап жүргізілетін Қазақстанның COVID-19 бойынша жаңа статистикасының артықшылығын атады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жаңа статистиканы жүргізу үшін COVID-19 ауруын кодтау тұрғысында медициналық қызметкерлердің құзыретін арттырып, ақпараттық жүйелерді реттеп, басқа да техникалық мәселелерді реттеу керек болады. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі есеп жүргізудегі өзгеріс Қазақстанның коронавирус инфекциясын жұқтыру мен өлім-жітім бойынша халықаралық рейтингтегі позициясына жаман әсер ететінін түсініп отыр. Алайда, бұл әдіс ауру жағдайына дұрыс болжам жасауға, қолдағы ресурсты, оның ішінде медициналық кадрларды, төсек-орынды, құрылғыларды, дәрі-дәрмекті ойлы жоспарлауға, статистиканы ашық жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.