14.04.2016, 06:15

Астанада ЭКСПО нысандарының бірі өртенді

Астанада құрылысы қызу жүріп жатқан EXPO-2017 көрмесінің құрылыс алаңында өрт шықты деп жазады Tengrinews.kz. Мамандардың айтуынша, жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттардың бірі қызыл жалынға оранған.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, кезекші бөлімге өрт туралы қоңырау бүгін сағат 11:01-де келіп түскен. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер жалынның төртінші қабаттан шығып жатқанын анықтапты. Кейінірек белгілі болғандай, тілсіз жау 50 шаршы метр жерді қамтыған. Негізінен шатыр жабындылары мен жылытқыш материалдар отқа ораныпты.

"Жеке құрамның 55 маманы өртті сағат 11:25-те ауыздықтады. Шұғыл жүргізілген өрт сөндіру жұмыстарының нәтижесінде шығын да барынша аз келтірілген. Зардап шеккендер жоқ. Жалынды сөндіруге барлығы 8 арнайы техника жұмылдырылды" деді Иманқұлов.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Астанада салынып жатқан Абу-Даби плаза кешені де үш рет қатарынан өртенген болатын.