14.04.2016, 06:39

ОҚО-да арыз жазуды кәсіп еткен қылмыстық топ ұсталды

ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері кәсіпкерлердің үстінен арыздар ұйымдастырып, олардан ірі көлемде ақша бопсалап келген қылмыстық топтың үш өкілін қолға түсірді.

Ұсталғандардың үшеуі де Түркістан қаласының тұрғындары. Олардың үлкені 63-те, екіншісі 60-та, үшіншісі 57 жаста, үшеуі де жұмыссыз. Олар ірі кәсіпкерлердің үстінен құзырлы мекемелерге арыз жазып, жала жабумен айналысып келген. Ал, арызын кері қайтарып алу үшін немесе мүлдем жазбас үшін ірілі-ұсақты компания басшыларынан ақша талап етіпті.

Құқық қорғаушылар күдіктілерді ақша алған сәтте ұстады. Айғақ зат ретінде 50 мың АҚШ доллары тәркіленіп отыр. Қазіргі таңда олар қамауға алынып, үстерінен Қылмыстық кодекстің 149 бабы "бопсалау" бойынша іс қозғалды.