17.07.2020, 18:34

Абайдың даналық сөздері

Фото: 24.kz
«Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» дейді дана Абай.

Қазақ халқы сөздің құдіреті арқылы кез келген дүниенің шешімін таба білген. Атадан қалған өсиет, ұлттық әдебиетіміз бүгінгі ұрпақтың қолындағы үлкен мұра. Сөз туралы айтқанда алдымен қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған хакім Абай ойға оралады. Өйткені, Абай туындылары тәрбиенің бұлағы іспетті. Хакім Абайдың даналық сөздеріне үңілсек адамзатты туралыққа бастаған ізгілікті көреміз. 

«Абайдың: «Адал жүріп, адал тұр» деген сөзі бар. Осы бір даналық сөз менің өмірлік ұстанымыма айналды. Ұстаздық жолымда алдымдағы шәкірттеріме үнемі осылай айтып жүремін. «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!» деген хакім сөзі саналыға ой салары анық. Адам баласы қанша жерден білімді болса да мінезінің дұрыс болу керектігін ұлы Абай осы бір астарлы сөздерімен жеткізген тәрізді.

Ал, «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал» деген даналығы адам баласын өз ісіне есеп беруі арқылы жамандықтан тыйылып, жақсылыққа ұмтылуға шақырады.

«Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады» дейді дана Абай. Мұғалім болғандықтан әрбір оқушының болашағы үшін алаңдаймыз. Олардың өмір жолының ашық, жарқын болғанын қалаймыз.

Сондықтан, тәлім-тәрбиенің көзін дұрыс бере білуге, даналар сөзін балалардың бойына сіңіруге тырысып бағамыз.Ұлы Абайдың қай шығармасын оқысаңыз да өнегенің ұлттық өрнегі жатыр», - дейді қызылордалық ұстаз Лиман Сопанова.