Эквадорда орын алған жойқын жер сілкінісінен кейін Манаби провинциясында сотталушылар жаппай түрмеден қашып кетті. Полицейлер 100-ге жуық тұтқынның 30-ын ұстағанын мәлімдеп отыр. Олардың біразы қашқаннан кейін өз еріктерімен қайта оралып, қателіктері үшін кешірім сұраған дейді елдің әділет министрі Леди Суньига өзінің Твиттер-парақшасында.
«Портовьеходағы түрмеден 100-ге жуық тұтқын қашып кетті, біз оларды Эквадор полициясымен бірігіп іздеп жатырмыз», — деді Леди Суньига. Оның айтуынша, табиғи апат салдарынан түрменің инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келген. Дегенмен, зардап шеккен тұтқындар жайлы ақпарат жоқ.
Айта кетейік, сенбіден жексенбіге қараған түні Эквадорда орын алған қуатты жер сілкінісінен кейін 233 адамның қайтыс болғандығы айтылды. Мемлекет басшысы Рафаэль Корреа Манта елдімекенінің айтарлықтай зардап шеккенін мәлімдеді. Оның өзі де дәл осы қалаға келіп, құтқару жұмыстарына қатысты.