23.07.2020, 07:20

Қазақстанның ЖОО оқу ақысын қымбаттатуды жоспарлап отыр

фото: 24.kz
Пандемия, төтенше жағдай және мұнай бағасының құлдырауы кесірінен адамдардың материалдық жағдайы нашарлап, кейбір студенттер мен ата-аналар оқу бағасын төлеуде қиындыққа ұшыраған.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, елдегі жоғары оқу орындарының басым бөлігі оқу бағасын өсіруді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Аzattyq.org.   Министр бұл туралы 21 шілдеде Instagram-да тікелей эфир кезінде айтты.

Оған елдегі экономикалық ахуал нашарлағандықтан оқу бағасы арзандауы мүмкін бе деген сұрақ қойылған еді. Министр бұл мәселені "студент пен нақты бір оқу орны арасындағы азаматтық-құқықтық қатынасқа" жатқызды. Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігі оқу орындарына "тым болмағанда оқу бағасын өсірмеу", төлемді кейінге қалдыру қажеттігін ұсынған.

"Оларды үгіттей алмаймыз, мәжбүрлей алмаймыз, құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Лауазымды тұлға немесе мемлекеттік органның өкілеті қай жерден басталып, қай жерде аяқталатынын түсінуіміз қажет. Біз өкілетімізді асырмауымыз керек", - деді министр.

Дегенмен, шенеуніктің айтуынша, көптеген оқу орындары "оқу бағасын төлеуді кейінге шегеру мәселесін" қарастырып жатыр. Оқу бағасына байланысты "жұмыстар әлі жүріп жатыр".

Министрдің сөзіне қарағанда, былтыр төлемді кейінге қалдыруға мүмкіндік берген оқу орындары студент-түлектердің қарызын өтемегенін айтып шағымданған. Аймағамбетовтің сөзінше, оқу орындарына бұл мәселені "құқықтық шеңберде" шешуге кеңес берілген.

Министр сонымен бірге, "жаңа оқу жылында барлық бакалавриат студенттері қашықтан оқи береді, бірақ, зертхана, өнеркәсіпте тәжірибе жасайтын кейбір мамандықтар мен бағыттар бойынша ерекшеліктер болуы мүмкін" деді. Оның айтуынша, сол себепті де арнайы "нұсқаулық" әзірленген. Ал магистранттар мен докторанттар қашықтан оқи ма, жоқ па, министр ол жағын айтпады.

Биыл көктемде коронавирус індетіне байланысты қазақстандық жоғары оқу орындары мен колледждер қашықтан оқи бастаған. Пандемия, төтенше жағдай және мұнай бағасының құлдырауы кесірінен адамдардың материалдық жағдайы нашарлап, кейбір студенттер мен ата-аналар оқу бағасын төлеуде қиындыққа ұшыраған.