17 сәуір күні қаланың Примыкание шағынауданында орналасқан зираттағы құрғақ шөп тұтанып, арты үлкен өртке айналды деп хабарлайды Yk-news.kz. Қызыл жалыннан мола басындағы ағаштан жасалған кресттер жанып кеткен.
Өскемен қаласы бойынша Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, өрт сөндірушілер келгенге дейін зираттың 400 шаршы метр аумағы отқа орынап үлгеріпті. ТЖБ мамандары өртті жылдам ауыздықтап, өшіре білген. Зардап шеккендер жоқ.
"Өрт салдарынан ағаштан жасалған 40 крест күлге айналған. Тілсіз жауға адами фактор себеп болған, қасақана емес байқаусызда құрғақ шөпке шоқ тастаған", - делінген ТЖБ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Мамандардың айтуынша, дәл осы күні Өскеменнің өзге де аумақтарында 9 рет шөптің өртену жағдайы орын алыпты. Ешқайсысында адамдар зардап шекпеген.