Елімізде 31 шілде мен 1-2 тамыз – Құрбан айт күндері. Карантиндік талаптарды сақтау үшін биыл Құрбан айт намазы мешіттерде оқылмайды. Әркім өз үйінде айт күні 2 ракат нәпіл намазын оқи алады. Мешіттердің жанында құрбандық шалу рәсімі де өткізілмейді. Бұл туралы дүйсенбі, 27 шілде күні өткен онлайн-брифинг кезінде Алматы каласының Бас мемлекеттік санитарлык дәрігері Жандарбек Бекшин мен Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай мәлімдеді.
Брифинг барысында Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлык дәрігері Жандарбек Бекшин бекітілген арнайы қаулыға сәйкес «Құрбан айт мерекесін тойлау кезінде 2020 жылғы 31 шілдеден 2 тамыз аралығында 1) меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке меншік үй иеліктерінде және медреседе адамдар көп жиналатын ic-шаралар өткізуге; 2) Алматы қаласының аумағында мал союды ұйымдастыруға және өткізуге, автокөліктерде және жеке үй иеліктерінде мал сатуға тиым салынатындығы 3) 31 шілдеден 2 тамыз аралығында Алматы қаласының орталық мешітімен белгілеген онлайн режимінде құрбандық шалуды жүзеге асыратындарды қоспағанда, мал сою цехтары мен мал сату базарының жұмысын тоқтатылатындығын» – атап өтті.
Айта кетейік, Алматы қаласының кіре берістерінде, құрбандық шалуды онлайн режимде жүзеге асыруға арналғандарды қоспағанда, қала аумағына жануарларды алып келуді болдырмау және алдын алу бойынша бекеттерді ұйымдастыру ісі де қолға алынған.
Яғни, биыл бұрынғыдай базарларда құрбан малы сатылмайды, бірақ құрбан шалуға ниеті бар азаматтар құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бере алады. Сондай-ақ мұқтаж жандар ет алуға да онлайн өтініш қалдыруы керек. Ол туралы Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай кеңінен түсіндіріп берді.
– Биыл әлемдегі және еліміздегі пандемиялық жағдайға байланысты карантин енгізіліп, еркін жүріп-тұру мен мешіттерде құлшылық рәсімдерін орындау мүмкін болмай отыр. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыздың денсаулығын сақтау мақсатында «QURBAN-2020» Онлайн қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды қолға алды, – деді бас имам.
Оған арнайы QURBAN2020.KZ веб-сайты іске қосылып, онлайн құрбан шалудың жөн-жосығы мен алгоритмі түзілді.
Айта кетейік, QURBAN2020.KZ сайтын пайдалануға қатысты нұсқаулық-роликтер мен материалдар ҚМДБ-ның ресми www.muftyat.kz және Алматы Орталық мешітінің www.azan.kz сайттарында жарияланған.
– Сайт арқылы құрбандық шалуға тапсырыс беру және мұқтаж жандардың ет алуға өтініш қалдыруы 24-30 шілде аралығында жүргізіледі. Пандемиялық жағдай мен карантиндік талаптарға байланысты онлайн құрбандық шалуға тапсырыс бергендердің отбасылық үлестері берілмейді, құрбандық еттері толығымен мұқтаждарға үйлеріне жеткізіліп, үлестіріледі, – деді Е.Шоқай.
Бас имамның айтуынша, әрбір құрбандық шалуға тапсырыс берген кісінің құрбандығының шалынғаны жөнінде сурет пен видеоға түсіріліп, есебі беріледі.
Брифинг кезінде белгілі болғандай, жаназа рәсімін өткізуге енді тек 10 адамнан артық жиналуға болмайды.
– Еліміздегі індет жағдайына байланысты ҚМДБ-ның жаназа рәсімдеріне қатысты жаңа мәлімдесі шықты. Ол мәлімдеме бойынша жаназа намазына 10 адамнан артық жиналуға болмайды. Жаназа намазына тұрғанда әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып өткізейік. Егер де өмірден өткен адамның жаназа намазын имаммен бірге 3 кісі ғана өтеген болса, ол жаназа намазы жамағатпен бірге өткізілген болып есептеледі. Өткен рухтарға бағышталып берілетін астарды уақытша кейінге қалдырайық. Өйткені дерттің қаупін өз көзімізбен күнделікті көріп отырмыз, – деген бас имам жетісі, қырқы деген секілді шараларға қарт кісілердің қауіпсіздігі үшін олардың бармауын баса айтты.
Естеріңізге сала кетейік, қазір Зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер болып есептелінеді. Сондықтан осы кезде ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі іс жасаған жөн. Арапа күні биыл 30 шілдеге сәйкес келеді деді қаланың бас имамы.