Қазақстанда мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурс енді 2 кезеңмен өткізіледі. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Мемлекет басшысы қол қойған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы " Қазақстан Республикасының Заңы негізінде "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңына түзетулер енгізілді. Енгізілген түзетулерге сәйкес, барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасында өтетін ішкі конкурс жалпы конкурспен біріктірілген. Өзгерістер 2020 жылдың 17 шілдесінен бастап күшіне енді. Бұған дейін мемлекеттік органдар конкурстардың үш түрін жүйелі түрде өткізіп келді. Олар: мемлекеттік органның өз қызметкерлері арасындағы конкурс, барлық мемлекеттік қызметкерлер арасындағы конкурс және барлық азаматтар арасындағы жалпы конкурс", - делінген хабарламада.
Өз кезегінде бұл жаңашылдық мемлекеттік органдардың бос лауазымдарын уақыт созбай толтыруға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, аталған жаңашылдық стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін кадрлық шешімдер қабылдауда мемлекеттік органдардың ұтқырлығын арттыруға септігін тигізеді.