Шымкент қаласында дезинфекция деп қала көшелеріне қара су шашып жүргендердің видеосы пайда болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл видеоны желі қолданушысы Кенже Жанбуршина Facebook парақшасына жариялады.
«Дырылдаған даусы шыққан соң далаға шықтым. Ішке кіріп, баспалдаққа да жасап бересіздер ме деп сұрайын дедім, жұмыстарына рахметімді айтайын дедім... Масқара, құр су сеуіп жүр», - дейді жазба авторы.
Оның айтуынша, көшені «залалсыздандыруға» бос уақыт кетіріп жүрген арнайы киімдегі сабаздар бұл әрекеттері үшін қысылып-қымтырылатын да емес.
«Мына суларыңда хлордың иісі жоқ қой. Неге халықты алдап жүрсіңдер? Міне, мен бетімді де, көзімді де жуып тұрмын, дым хлордың иісі жоқ. Іш десеңдер, ішіп берейін...
Ішіп берейін бе? Неге сендер ақымақ қылып тұрсыңдар? Халықтың ақшасын жеп біттіңдер ме? Халықты мазақ қылып біттіңдер ме?
Үкімет осы үшін мемлекеттен қаншама қаржы бөлді ғой сендерге. Ұялмайсыңдар ма? Молодец, халықты алдап біттіңдер әбден!» – деп ашынды қала тұрғыны.
Ал «дезинфекция жасаушылар» арқаларына асынған суды әкімдіктің бергенін айтып, өздерін таныстырудан бас тартты. Сөйте тұра, әзірге жергілікті әкімдік тарапынан бұл жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме берілген жоқ.