Қалалар пандемия ошағында қалды. Ауру тіркелген оқиғалардың шамамен 90 пайызы – қалада. Бұл көбіне халықтың тығыз орналасуымен ғана емес, қала өмірін ұйымдастыру, мұндағы адамдардың өмір салты, олардың қайда жұмыс істеп, қалай әрекет етуіне байланысты болып отыр. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ жаңалықтары сайтына сілтеме жасап.
«Негізгі ауырлық қалаға түскен. Олардың көбінде денсаулық сақтау жүйесіне көп салмақ түскен, сумен жабдықтау және санитария қызметі жөнді емес, өзге де пролемалары толып жатыр», - деді Бас хатшы.
Бүгінде ғаламшар тұрғындарының 55-тен астам пайызы қалада өмір сүріп жатыр. Қала тұрғындарының шамамен 24 пайызы адамдар тығыз тұратын, қарапайым санитарлық-гигиеналық жағдайы жоқ аудандарда тіршілік етуде. Көптеген адамдар жұмыс орны, мектеп, балабақша, тіпті азық-түлік дүкендерден алыс жерде тұрып жатыр. Бүгінде қала тұрғындарының көбінде тұрғылықты жерінен 400 метр радиуста қандай да бір қоғамдық ғимараттары болмай отыр. Осының барлығы пандемияға байланысты ауыр дағдарысқа ұшырады. Экономикалық шығынға тап болған да осы – қала. Әлемдік ЖІӨ-нің 80 пайызы қалада. Әлемдегі көптеген кәсіпорындар жұмысын тоқтатты, мейрамханалар мен өзге бизнес жабылды, миллиондаған адам үйде оқшауланып қалды.
«Қала әлемін қайта ойластырып, өзгертетін уақыт келді. Қазіргі пандемиядан қалыптасқан жағдайға бейімделетін сәт келіп жетті», - деп мәлім етті БҰҰ-ның Бас хатшысы.
Ол үш бағытта әрекет етуге кеңес берген: қаладағы теңсіздік көлемін қысқарту, жергілікті билік пен қала тұрғындарының әлеуетін нығайту және барлық тұрғындар үшін тұрақты әрі әділ даму жағдайын жасау.
«Бүгінде біздің қалай тұрып жатқанымызды, қалай өзара әрекеттесіп, қалаларымызды қалай салып жатқанымызды ойластыратын мүмкіндік бар. «Урбанизация әлеміндегі COVID-19» талдау құжатының мәні осында», - деп атап өтті Бас хатшы.