03.08.2020, 10:40

Алматы облысында карантин режимі екі аптаға ұзартылды

фото: azattyq-ruhy.kz
Ашық ауада жеке жаттығулар жасауға рұқсат етіледі.

Алматы облысында карантин мерзімі тағы екі аптаға ұзартылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Алматы облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы А.Чарапиевтің «Алматы облысының аумағында қатаң карантиндік шаралар туралы» 2020 жылғы 02 тамыздағы № 23 Қаулысы шықты.

"Алматы облысында карантинді жалғастыру және  Алматы облысы аймағында қатаң шектеу шаралары 2020 жылғы 03 тамыз сағат 00:00-ден 2020 жылғы 17 тамыз сағат 00:00-ге дейін ұзартылсын! Карантин режимі мен мерзімі "Covid - 19" коронавирус инфекциясының таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне сәйкес өзгеруі мүмкін", - делінген қаулыда.

Бір ескерте кетерлігі, Қаулыға сәйкес, жергілікті билік көптеген нысанның жұмысын тоқтата тұру туралы шешім шығарды.Оған қоса, бір отбасы мүшелерін қоспағанда, елдімекендер ішінде үш адамнан астам топтың жүріп-тұруына тыйым салу, кәмелетке толмағандардың ересектердің қарауынсыз өз бетінше жүріп-тұруы, 65 жастан асқан азаматтардың көшеге шығуына шектеу қойылып отыр.

Халық қорғаныш маскаларын тағуға міндетті. Ашық ауада жеке жаттығулар жасауға рұқсат етіледі.