Үкімет басшысы Асқар Мамин бүгін бірқатар өңірдің әкімдеріне коронавирусқа қарсы шараларды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрі А. Цой коронавирус инфекциясының расталған жағдайларының тәуліктік өсуі 1,2%-дан аспайтынын, бұл көрсеткіш күн сайын төмендеуде екенін баяндады. Қазіргі уақытта емделіп шыққан адамдар барлық ауру жұқтырғандардың 68% құрайды, қалған науқастар қажетті медициналық көмек алуда. Ауруханалардың жүктемесі 36%-ға төмендеді.
Аптаның қорытындысы бойынша инфекцияның репродуктивтік деңгейінің 1-ден төмен болуы Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Павлодар облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларында тіркелген. Сонымен қатар Қостанай мен Ақмола облыстарында инфекцияның репродуктивтік деңгейі 1-ден жоғары болуы тіркелген.
«Ауру жұқтырған азаматтарды емдеу және вирустың таралуын төмендету жөніндегі қарқынды жұмысты, оның ішінде санитарлық нормаларды, карантин талаптарын азаматтардың сақтау қажеттігі туралы түсіндіру науқанын жалғастыру керек», — деді А. Мамин.
Премьер-Министр қазіргі таңда әлемдік статистика 126 мемлекетте ауру жұқтырғандар санының жаңа өсімін көрсетіп отырғанын, осыған байланысты күзде пайда болуы мүмкін пандемияның жаңа толқынына дайын болу керектігін, әрі оның алдын алу үшін барлық белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, жоспарланған шаралар кешенін іске асыру қажеттігін атап айтты.