Қарағандыда №121 бағытта жүретін жолаушылар автобусы пойыз жол алдында жабылып тұрған шлагбаумға қарамастан рельсті кесіп өтті деп жазады informburo.kz. Жоғары жылдамдықпен жүйіткіп келген автобус бағдаршамның қызыл түсіне де бір сәтке кідірмеген. Мұны жолдың ашылуын күтіп тұрған көлік жүргізушісінің бірі бейнекамерасына жазып алыпты.
Оқиға 21 сәуір күні таңертеңгі ондар шамасында орын алған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, экстремалды жүргізуші пойыз жетемін дегенше рельстен өтіп үлгерді.
Естеріңізге салайық, осыған ұқсас жағдай былтыр Маңғыстау облысында да орын алған болатын. Бірақ, ол кезде автобус емес, жүк көлігі темір жолды кесіп өтемін деп, пойызбен соқтығысқан болатын. Кейінірек Павлодар облысында да пойызға жол бермеген көмір таситын жүк көлігі жол апатының себепшісі болды.