04.08.2020, 18:00

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 7,4 миллиард теңге Үкіметке қайтарылды

фото: school89sam.ru
Қоғамда белсенді азаматтар бізбен бірге жолдың сапасын тексеріп, әлеуметтік желілерде жазба жариялап жатыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қыдырбаев «Antikor.Live» жобасы аясындағы онлайн брифингте Нұр-Сұлтан қаласы бойынша биыл 6 айдың ішінде 7,4 млрд теңге мемлекетке қайтарылғанын айтты, деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Алты айдың қорытындысы бойынша, 7,4 млрд теңгені Үкіметке қайтардық. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Әуежай, ауыл шаруашылығына қатысты қылмыстар толық мойындалып, ақша қайтарылғаннан кейін қылмыстық іс қысқартылды. Бұдан өзге де қылмыстар бойынша тағы 8 млн теңге бюджетке қайтарылды», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қыдырбаев.

Ол «Сапалы жол» жобасы бойынша әкімдік, жол жөндеушілер және қоғам белсенділерімен жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

«Қоғамда белсенді азаматтар бізбен бірге жолдың сапасын тексеріп, әлеуметтік желілерде жазба жариялап жатыр. Олардың бізге көмегі көп», – деді Нұрлан Қыдырбаев.