$ 446.49  475.38  4.79

Елорда тұрғындары 500 мың теңгеден қарыз екенін білді

Базыналы бұқара электр энергиясы үшін әр пәтерге қомақты қаржы келгенін айтып, шырылдады.
Фото: nur.kz
Фото: nur.kz

Елордада пайдалануға берілгеніне небәрі 8 ай болған баспананың әлі күнге электр желісі де, суы да бір жүйеге түспеген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Қала тұрғыны Наталья Бондаренконың айтуынша, жарықтың есептеуіш құралы істемейді.

"Таяуда электр желісі компаниясының өкілі келіп, жарықтан ажыратамыз, сіздер 8 ай бойы ақша төлемегенсіздер деді. Біз оны кімге барып, қайда төлейтінімізді білмейміз, оның үстіне түбіртек те берілмейді", - деп ашынды ол.

Айтуынша, суды да дұрыстап бермейді. Бірде салқын, бірде ыстық су ағатын көрінеді. Реттеп отырған адам жоқ, деп хабарлады "Астана" арнасы.

Мәселе мұнымен шектелмейді. Үйдің қабырғалары жарылып, терезелері шытынай бастаған.

Пәтердің құрылысына жауапты "Қазстройподряд" компаниясының өкілі кемшіліктерді ертеңнен қалдырмай түзейтіндерін айтты.

"Біз жауапкершіліктен қашып отырған жоқпыз. Кемшіліктерді түзетеміз. Абаттандыру мәселесінің бәрі ертең 100 пайыз шешіледі. Ертең өзім осы жерде боламын", - деп уәде берді компания басшысы Бекзат Пашаев.
Қалалық тұрғын үй қорының өкілі есептеуіш құралдары болғанмен, пәтер иелері коммуналдық мекемелермен келісімшарт жасаспаған деп отыр. Қалай болғанда да тұрғындар 8 айдың шығынын өтеуге міндетті екенін айтты.

"Олар осы күнге дейін келісімшартсыз тұрды. Бірақ суды, энергияны қолданып келеді. Осы күнге дейінгі қарыздарын төлеуге міндетті. Яғни, төлем тапсыру-қабылдау актісіне қол қойған күннен басталады", - деп түсіндірді қалалық "Тұрғын үй қоры" КММ баспасөз хатшысы Арманай Қабдешова.

Базыналы бұқара электр энергиясы үшін әр пәтерге қомақты қаржы келгенін айтып, шырылдады. Сөздеріне қарағанда бір ғана электр жарығы үшін әрқайсысына кемінде жарты миллион теңгелік есепшот келген. Оны мұндағы әлеуеттің қалтасы әрине көтермейді. Өйткені, бұл баспаналарда әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұрып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары