Ақтөбе облысы Полиция департаменті жасөспірімдер арасындағы қылмысты, жол-көлік оқиғаларын, балалардың қатысуымен болған жазатайым оқиғаларды болдырмау мақсатында кәмелетке толмаған балаларды бақылау қажеттігі туралы ескертеді, деп хабарлайды zakon.kz Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мысалы, 2020 жылдың 1 тамызында Қандыағаш қаласында жасөспірімдер арасындағы жанжал шығып, олардың біреуі пышақ жарақатын алды.
1 тамыз күні сағат 23:10-да Мұғалжар аудандық орталық ауруханасына Қандыағаш қаласының 16 жастағы тұрғыны пышақ жарақатымен түсті.
Қазіргі уақытта жәбірленушінің жағдайы тұрақты. Полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Қандыағаш қаласының 16 жастағы тұрғыны күдікті ретінде ұсталды. Қылмыстың себептері анықталуда. Осыған байланысты Полиция департаменті ата-аналардан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды, әсіресе кешкі және түнгі уақытта бақылауда ұстауды ескертеді. Ата-аналардың немқұрайлығы көбінесе кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауына себеп болып жатады.
"Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу отбасының, сондай-ақ мектептің бастапқы міндеті болып табылады. Әдетте, ерте жастан балалар қылмыстық әрекетке барып жатады, сондықтан қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын – алу жастармен байланыста болатын ата-аналар, мұғалімдер және полиция қызметкерлерінің міндеті", - деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев.
Бұдан басқа, ювеналды полиция инспекторлары алдағы уақытта осындай фактілерге жол бермеу, сондай-ақ осы қылмысты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау бойынша шаралар қабылдауда.